Азия чемпионатының үшінші күн нәтижесі: Бір күміс және бір қола

Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан Азия чемпионатының үшінші күнінде қазақстандық таеквондошыларға бір күміс және бір қола медаль бұйырды, деп хабарлайды Қазақстан таеквондо федерациясының баспасөз қызметі.

73 келі салмақта Жансель Дениз турнирді жартылай финалдан бастап, бұл кезеңде ливандық қарсыласын 2:0 есебімен жеңді.

Дегенмен финалда ирандық спортшының мерейі үстем болды - 0:2. Дениз күміс медаль иеленді.

87 келінің өкілі Смайыл Дүйсебай үздік үштікке енді. Бастапқы кездесуінде ол қытайлық спортшыдан айласын асырды - 2:1.

Алайда жартылай финалда отандасымыз өзбекстандық спортшыға есе жіберді. Есеп - 1:2.

87 келіден жоғары салмақта өнер көрсететін Руслан Жапаров алғашқы айқасында қытайлық қарсыласынан жеңілді - 0:2.