Азия чемпионаты: қоржында 7 қола, 1 күміс медаль

7 қола және бір күміс медаль. Оңтүстік Кореяда өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы осындай нәтиже көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрлық біріншілігі Чхунчхон қаласында 24-27 маусым аралығында өтті. Жарыс қорытындысы бойынша еліміз 6-орынға ие болды. Өз салмақ дәрежелері бойынша үздік үштікке Рита Бәкішева, Жасурбек Исраилов, Ботагөз Қапанова, Смайыл Дүйсебай, Нұрлан Мырзабаев, Әділет Базарбаев және Нұрай Құсайынова кірді. Күміс жүлде Жансель Денизге бұйырды.

Естеріңізге сала кетейін, таэквондодан Азия чемпионатында Қазақстан атынан 6 қыз және 6 жігіт өнер көрсетті. Құрлық чемпионаты 2 жылда 1 рет өтеді. Чхунчхон қаласында өткен жарысқа 33 елден 229 спортшы келді. Азия таэквондо одағының атқару комитетінің мүшесі Арман Чилмановтың айтуынша, Қазақстан құрамасы 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына дайындық үстінде. Таэквондошыларымыз ауыр салмақта үздік нәтиже көрсетіп отыр.

Арман Чилманов, Азия таэквондо одағы атқару комитетінің мүшесі:

- Ауыр салмақтағы спортшымыз жақсы. Жақсы деңгейде. Ол мысалы Жансель Дениз. Әлемде рейтингте 1-орында тұр . Ал олимпиадалық рейтингте 6-орында. Жапаров Руслан, Дүйсебай Смайыл, Жапаров шықты. Тек сәл жарақаты болып дұрыс өнер көрсете алмады. Алда жақсы өнер көрсетеді деп сенімдіміз.