«Ақтөбенің» ойынын саңылаудан тамашалаған жанкүйерге тегін билет берілді

Ақтөбеде футболды стадион сыртынан сығалап көрген жанкүйер әлеуметтік желіде танымал болды. Жергілікті команда мен «Астана» клубының кездесуіне кіре алмаған жасөспірім матчтың алғашқы бөлігін ғимараттың кішігірім тесігінен тамашалаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейін оны байқаған облыс басшылығы стадионға кіргізіпті. Бала күнінен футболға құмар Диас Сәкен бұл ойынға билет алып үлгермеген. Алайда екі бірдей танымал команданың кездесуін көру үшін стадионға ерте келген көрінеді. Сырттан сығаласа да үлкен әсер алғанын айтады. Жасөспірімнің құштарлығын өңір басшылығы ескерусіз қалдырмады. Енді оған жергілікті жерде өтетін ойынды әрдайым тегін көру үшін абонемент беріледі. 9-сынып оқушысы мұндай мүмкіндікке қатты қуанып отыр.