Александр Бублик Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Александр Бублик Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Қазақстандық теннисші екінші кездесуін әлемнің 64-ракеткасы, сербиялық Душан Лайовичпен өткізді. Осыған дейін қарсыластар бір-ақ рет жолдары тоқайласып, онда сербиялық спортшы басым түскен еді. Бұл жолы қазақстандық теннисші 7:6 (9:7), 6:2, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Екі сағат 4 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 17 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Лайович 2 эйспен шектеліп, бір рет те брейк жасай алмады. Александр үшінші айналымда әлемнің 23-ракеткасы, америкалық Фрэнсис Тиафомен шеберлік байқасады. Қазақстандық спортшы жуырда Истбурн жарысында Тиафоны 5:7, 7:6 (7:4), 6:0 есебімен ұтқан болатын. Өткен жылы Александр Уимблдонда үшінші айналымға дейін жеткен еді.