«Барыс» ХК миллиардтап салған ақшаны ақтап отыр ма?

«Барыс» хоккей клубына жыл сайын миллиардтаған, ал оның әр ойыншысына жүздеген миллион қаржы жұмсалады. Бұл ақша бюджеттен, яғни қарапайым халықтың қалтасынан алынып жатыр. Кейінгі кезде бұл тақырып кеңінен талқылана бастады. Әсіресе қазіргідей әлеуметтік және экономикалық жағдай құбылмалы кезеңде осынша дарақыланудың қажеті жоқ дейді көпшілік.  

«Барыс» сапындағы Никита Михаилис ай сайын 32 млн, ал Линден Вей 40 млн теңге алады. Кейінгі кезде осындай ақпарат пайда болып, спорт порталдары жарыса жариялай бастады. Бірақ оған қатысты хоккей клубы да және оларды қаржыландыратын «Самұрық Қазына» қоры да мәлімет бермей отыр. Тек елордалық командаға бөлінетін жалпы қаражат көлемі белгілі. 

ЦИТАТА:

«Самұрық-Қазына» және Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорының жауабында жалпы спортқа 2022 жылы 24 млрд теңге бөлінгені айтылды. Соның 8 млрд теңгесі «Барыс» хоккей клубына бөлінген. Хоккейшілердің жалақысы олардың тәжірибиесіне, көрсеткен нәтижесіне және жасына қарай төленеді.

Бұл бір ғана хоккей клубы үшін тым үлкен қаржы. Ал ол айналып келгенде халықтың қалтасынан алынатын ескерсек, тіптен дұрыс емес дейді депутат Ерлан Сайыров.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл мәселені мен көтердім. Маған жауап келді. Яғни «Самұрық Қазына» ақша бөледі. Бірақ ақша үкімет, министрлік арқылы әрі қарай бөлінеді. Сондықтан менің ойымша, бұл жерде жауапкершілік министрлікте. Кәсіпқой спортқа мемлекеттен, бюджеттен ақша бөлінбеу керек. Енді біз көріп отырғандай, бұл мәселе әлі шешілген жоқ. 

Өкініштісі сол, жеме-жемге келгенде ешкім жауапкершілікті мойынға алғысы келмейді. Мысалы, біз осы материалды дайындау барысында барлық тарапқа хабарластық. Бірақ сұхбат ала алмадық. Ал ресми сайттарында «Барыс» ойыншыларының айлығына қатысты ешқандай ақпарат жоқ. Сәйкесінше халықтың аузынан жырып, миллиардттаған ақшаны кәсіпқой хоккейшілерге аударып отырғандар сол халықтың алдында есеп беруге құлықсыз деген сөз. 

Аслан Қаженов, тілші:

- Мен қазір елорда іргесіндегі Қараөткел деген ауылға арнайы келдім. Қараөткел ауыл дегенмен ондаған мың тұрғыны бар алып елді мекен. Міне осындай жерде қазір 1 ғана спорттық кешен жұмыс жасап тұр. Оның өзін жергілікті азамат қалтасынан 80 млн теңге шығарып, толықтай салып шықты. 80 млн-ға оның құрылысынан бөлек мынау мың шаршы метрді алып жатыр, ішіндегі құрал-жабдық, басқасының барлығы кіреді. Оны айтып отырған себебім, «Барысқа» биылдың өзінде «Самұрықтан» 8 млрд теңге бөлінгені белгілі болды. 8 млрд сәйкесінше осындай 100 спорттық кешен деген сөз. Енді мынадай ой туындайды. Неге осындай 100 ауылға осындай 100 спорттық кешен салмасқа. Өйткені бәріміз білеміз, шалғай ауылдарды айтпай-ақ, аудандардың өзінде спорттық кешендер жетіспейді, жетіскеннің өзінде жағдайы жетісіп тұрған жоқ.

«Барысқа» бөлінетін қаржы, оның ішінде хокейшілердің жүздеген миллиондық жалақысы жайында сұрақ орталық коммуникациялар қызметінде қойылды. Министр Абаев оған басқа жағынан қарау қажеттігін алға тартады. 

Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі: 

- Сіз басқа жағынан қараңыз. «Барыс» аренада қанша рет ойнайды «Барыс» клубы? Адам лық толы. Сондықтан адамдар бару үшін. Адамдар «Барысқа» жанкүйер болу үшін, «Барыс» командасы мықты болу керек. Мықты болатыны осы Михиаилистердің арқасында. 

Қалай болғанда да «Барыс» Құрлықтық Лигада өнер көрсетуін жалғастырады. Өткен маусымда елордалық клуб плей-офф кезеңіне шығып, бірақ, бірінші айналымнан әрі аса алмады. Ал Прзидент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ, мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалуда» деген болатын. 

Аслан Қаженов, Аят Дүйсенбаев