Павлодарлықтар бұқаралық спортқа ерекше мән береді

Ертіс өңірінің атқарушы органдары халықты жаппай спортқа тартудың жолын тапты. Жуырда бұқаралық спортқа жауапты мамандар Павлодар облысының ауылдарында өз міндетіне кіріседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пилоттық жоба бойынша елді мекендерде 200-ге жуық жаттықтырушы-нұсқаушы жұмысқа қабылданады. Осылайша, спортпен жүйелі түрде айналысатын ересектер санын арттыру көзделген. Соңғы жылдары өңірде әуесқой спортпен шұғылданушылар саны арта түскен. Әсіресе жүгіруді серік еткендер көбейген. Спорттың ең қолжетімді түріне қызығушылық басым. Алайда әуесқойлардың көбі қалаларда шоғырланған.

Сара Байғұлова, әуесқой спортшы:

Жүгірумен кез келген жерде айналысуға болады. Қала болсын, ауыл болсын. Тек ниеттес адамдар болса, болғаны. Чемпион атанбасақ та, салауатты өмір салтын ұстануғы тырысамыз. Қазірдің өзінде таңертең ондаған адам жиналады.

Бүгінде ауыл халқының 15 процентке жетер-жетпесі спортпен жүйелі түрде айналысады. Мамандардың айтуынша, көрсеткіш мәз емес. Десе де, бұл қозғалыс аудандарда да даму үстінде. Бүгінде ауылдарда ересек азаматтар арасында 87 әдіскер-нұсқаушы жұмыс істейді. Енді олардың саны екі есе артады.

Болат Ордабаев, әуесқой жүгіру қозғалысының белсендісі:

– Пандемия кезінде денсаулығымыздың қадірін білдік. Содан болар, жүгіру сәнге айналғандай. Бірақ қалаларда дамып келеді. Ауылдарда да жүгірушілер көбейсе, деген ниет бар. Бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Олармен серіктес болуға әзірміз.

Қазіргі уақытта әдіскер мамандар іріктеліп жатыр. Кейін олардың біліктілігі тексеріледі. Олар жаттығуларды ауылдардың спорттық нысандарында немесе мектеп залдарында жүргізбек. Жобаны жүзеге асыруға алты айлық мерзімге 179 млн теңге бөлінген. Нәтиже көңіл көншітсе, спорттық құрал-жабдықтарды алуға да қаржы бөлінбек.  

Нұрлан Есембаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

18 жастан асқан ересектерге спорт бойынша кеңес беретін маман жоқ. Біз сараптама жүргіздік. Нәтижесінде арнайы орталық ашуды шештік. Әр ірі ауылда әдіскер-нұсқаушы пайда болады. Олар жұмыстан тыс уақытта дене шынықтыру бойынша жаттығу жүргізеді. Облыста кадр тапшылығ жоқ.

Жоба табысты іске асса, алдағы бірнеше жылда ауыл халқының 40, ал қала халқының 50 проценті спортпен жүйелі түрде айналысады. Мамандардың айтуынша, бұқаралық спортты дамытуға атсалысып жүрген әуесқой спортшылар жетерлік. Бір аптадан соң олардың бастамасымен Баянауылдың көрікте жерлерінде жүгіруден жарыс өтпек. Бүгіннің өзінде 300-ден астам спортшы қатысуға ниет білдірген.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат