Алматы облысында балаларға арналған спорт фестивалі өтті

Алматы облысы Өтеген батыр кентінде спорттың төрт түрінен балалар фестивалі өтті.

Ашық біріншілікке алыс-жақын аймақтардан да үміткерлер келіпті. Бір аптаға созылған сайыстарға мыңнан аса өрен қатысып, жеңімпаздар бүгін анықталды. Гандбол мен футзалда Еңбекшіқазақ ауданы ешкімге дес бермеді. Бадминтонды Жамбыл ауданының оқушылары жақсы меңгеріпті. Ал елімізде енді ғана етек жая бастаған чирлидинг спортында Алматы облысы спорт мектебінің командасы топ жарды. Үздік шыққан ұл-қыздар Қазақстан жасөспірімдер құрамасына шақыртылады.

Дархан  Нұрғалиұлы, мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

- Мақсатымыз осы спорт түрлерін дамыту және бұқаралық спортты кеңейту. Балалардың спортпен айналысуға деген ынталарын арттыру мақсатында және облыстың ішінде іріктеу мақсатында жасалып отырған іс-шара. Бұл Алматы облысы  дене тәрбиесі және спорт басқармасының қолдауымен өтіп отырған шара.