«Ақтөбе» топ басына шықты – футбол

Футболдан Жоғарғы лига командалары арасындағы ел чемпионаты жалғасып жатыр. 12-ші тур аясында «Ақтөбе» сырт алаңда «Тұранмен» жолығып, 2:0 есебмен жеңіске жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алғашқы гол 34 минутта соғылды. Авторы – франциялық легионер Уго Видемон. Екінші кезеңде ресейлік легионер Сердер Сердеров та мүмкіндігін сәтті пайдаланып, таблодағы нәтижені еселеді. Қорытынды есеп: 0:2. Осылайша «Ақтөбе» кезекті 3 ұпайын алып, турнир тізімінің бірінші сатысына көтерілді. Қазір оның еншісінде 29 ұпай бар. Үздік үштікті «Астана» мен «Ордабасы» түйіндеп тұр және олардың да топ басына шығудан дәмесі зор. Өйткені топ басындағы «Ақтөбеден» сәйкесінше, 2 және 3 ұпай ғана аз жинады.  

«АСТАНА» ШАБАНДОЗЫ 12-ШІ ОРЫНДА

«Астана» шабандозы 12-ші орында. Францияның таулы-қыратты аумағында велокөпкүндік жалғасып жатыр. Тур де Франстың кезекті, яғни, 10-шы кезеңінде қатысушылар 148 шақырымды бағындырды.

Айта кету керек, спортшылар орта жолда наразылық акциясына тап болып, жарысты уақытша тоқтатуға тура келді. Жергілікті тұрғындар осылайша экология мәселесіне қатысты жанайқайларын жеткізді. Кейін жарыс қайта жалғасын тапты және нәтижесінде даниялық Магнус Корт жеңімпаз атанды. Қазақстандық клуб сапынан ең тәуір көрсеткішке Симоне Веласко қол жеткізді. Ол Магнустан 1 минутқа қалып, мәре сызығын 12-ші болып кесті. Жалпы есепте «Астана» шабандозы Алексей Луценко 17-ші тұр. Қалғандарының көрсеткіші төмен. Алда әлі 11 кезең бар. Тур де Франстың жалпы қорытындысы 24 шілдеде белгілі болады.