Юлия Путинцева Будапешт турнирінің ширек финалына өтті

Әлемнің 32-ракеткасы қазақстандық Юлия Путинцева Будапешт WTA 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 125-орында тұрған бразилиялық Лаура Пегоссимен кездесті. Бірінші партияда Юлия 3:0 есебімен алға шыққанымен, қарсыласына есе жіберді - 4:6. Содан кейін ойын тізгінін өз қолына алды - 6:1, 6:2.

Екі сағат 16 минутқа созылған кездесуде Путинцева 1 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың тең жартысын пайдалана білді.

Путинцева жартылай финалға шығу үшін әлемнің 97-ракеткасы украиналық Леся Цуренкомен кезедеседі.