Фируза Шәріпова ММА-дегі дебютінде кіммен айқасатыны белгілі болды

IBA және WBU тұжырымдары бойынша бокстан әлем чемпионы Фируза Шәріпова аралас жекпе-жектегі қарсыласын білді.

ММА-ден спортшының дебюті 30 шілдеде Нұр-Сұлтанда Alash Pride 75 турнирінде өтеді. Ф.Шәріпова әлеуметтік желіде жариялағандай, шоу аясында ол грэпплинг пен панкратионнан Ресей біріншілігінің жеңімпазы Карина Оңдасыновамен айқасады. Ол аралас жекпе-жекте екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңімпаз атанды. Фируза Шәріпова кәсіпқой бокстағы соңғы айқасын 2021 жылы желтоқсанда Ливерпульде (Англия) ирландық Кэти Тейлорге қарсы өткізген еді. WBA, IBF, WBO, WBC және The Ring тұжырымдары бойынша жеңіл салмақтағы әлем чемпионы титулы сарапқа салынды. Жекпе-жек төрешілердің бірауыз шешімімен Ирландия өкілінің жеңісімен аяқталды.