loader

Қазақстандық спортшылар дүниежүзілік ойындарда топ жарды

Қазақстандық спортшылар дүниежүзілік ойындарда топ жарды

1 алтын, 2 күміс және 1 қола. Қазақстандық спортшылар дүниежүзілік ойындардан осындай олжамен оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байрақты бәсеке АҚШ-тың Бирмингем қаласында өткен еді. Оған бас-аяғы 16 спортшымыз аттанып, 4-еуі жүлдеге ілікті. Соның арқасында жалпыкомандалық есепте 37-сатыға тұрақтадық. Ел намысын қорғаған спортшыларды елорда әуежайынан достары, туыстары және жанкүйерлері күтіп алды.

Атап айтқанда, жерлестеріміз арасынан каратэші Софья Берульцева жарыс жеңімпазы атанды. Токио олимпиадасында қола алған қазақстандық қыз бұл жолы барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Бұдан бөлек, жжиу-джитсуда қазақстандық Галина Дуванова және муай-тайда Алмаз Сәрсембеков финалда ғана сүрініп, күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ спорттық акробатикадан Даниэль Диль мен Вадим Шуляр жұбы үздік үштікті түйіндеді.

Сергей Вертякин, спорттық акробатика бойынша жаттықтырушы:

– Дүниежүзілік ойындардың орны бөлек. Өйткені бұл олимпиадалық емес спорт түрлерінің ең негізгі бәсекесі. Осы жолғы жүлдемізді 18 жыл бойғы жұмыстың жемісі деуге болады. Менің шәкірттерім бұған дейін Азия және Әлем чемпионаттарында топ жарды. Енді қоржынымыз Дүниежүзілік ойындардың медалімен толығып отыр.

ЖЕКПЕ-ЖЕКСІЗ ЧЕМПИОН АТАНУЫ МҮМКІН

Әлімханұлы жекпе-жекке қатыспай-ақ әлем чемпионы атануы мүмкін. Бүкіләлемдік бокс ұйымы ресми түрде америкалық Деметриус Андрадеге орта салмақтағы белбеуін қорғауды бұйырды. Егер ол бас тартса, Жәнібек автоматты түрде «уақытша» әлем чемпионы атағынан «толыққанды» чемпион дәрежесіне өтеді. Айта кетейік, қазақстандық боксшы ең соңғы рет мамыр айында жұдырықтасты. Ол АҚШ төрінде британдық Дэнни Дигнуммен кездесіп, екінші раундта нокаутпен ұтты. Осының арқасында WBO тұжырымы бойынша уақытша чемпиондық белдікті жеңіп алды. Ол бүгінге дейін 12 жекпе-жек өткізіп, барлығында да жеңіске жетті. Ал, Андрадеге келер болсақ, ол да мамырдаи рландиялық Зак Паркермен жұдырықтасуы керек еді. Бірақ жарақатына байланысты жекпе-жек өтпей қалды.   

Сондай-ақ...