Денис Евсеев теннистен Президент кубогінің финалына өтті

Елордада ерлер мен әйелдер арасында Президент кубогінің финалына шыққан теннисшілер мәлім болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан теннис федерациясы Денис Евсеев өзінің спорттық жолында алғаш рет челленджер турнирінің финалына жолдама алғанын жазды. Д.Евсеев жартылай финалда отандасы Бейбіт Жукаевты 6:4, 6:4 есебімен ұтты. Әр партияда Денис бір-бірден брейк жасады. Енді жексенбі күні финалда жарыстың бірінші ракеткасы, ресейлік Роман Сафиуллинмен бас жүлдені сарапқа салады. Р.Сафиуллин жартылай финалда тағы бір қазақстандық Дмитрий Попкодан айласын асырды. Есеп – 6:3, 6:2. Президент кубогі аясында әйелдер арасында ITF M60 додасында соңғы бәсекеде жапониялық Моюка Учиджима мен сербиялық Наталья Стефанович кездеседі.