Жәнібек Әлімханұлы чемпиондарды жекпе-жекке шақырды

Биыл WBO, ал, алдағы жылы WBC чемпионы болам. Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы кезекті рет шулы мәлімдеме жасады. Ол әлеуметтік желіге арнайы жазба қалдырып, қос тұжырымдағы әлем чемпиондарын жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, WBO белділінің иегері Деметриус Андрадеге қашпауға кеңес берді. Жуырда Бүкіләлемдік бокс ұйымы ресми түрде америкалық былғары қолғап шеберіне орта салмақтағы белбеуін қорғауды бұйырған еді. Егер ол бас тартса, Жәнібек автоматты түрде «уақытша» әлем чемпионы атағынан «толыққанды» чемпион дәрежесіне өтеді. Десе де кездесусіз чемпион болу жақсы, ал, чемпионды нокаутқа жіберу одан да жақсы деп сөзін түйіндеді Жәнібек.  Айта кетейік, қазақстандық боксшы ең соңғы рет мамыр айында жұдырықтасты. Ол АҚШ төрінде британдық Дэнни Дигнуммен кездесіп, екінші раундта нокаутпен ұтты. Осының арқасында кәсіпқой бокстағы көрсеткішін 12 жекпе-жек, 12 жеңіске жеткізді.

«АСТАНА» ВЕЛОКОМАНДАСЫНЫҢ ТАБЫСЫ ЕКІ ЕСЕ АЗАЙДЫ  

Табыс екі есе төмендеді. «Астана» велокомандасының кірісі былтырғымен салыстырғанда айтарлықтай азайды. Қазақстандық клуб мүшелері жуырда ғана «Тур де Франс» бәскесіне қатысқан еді. Бұл сында жалпы сомасы 2 257 000 еуро сыйақы таратылды. Оның негізгі бөлгі, яғни, 780 мың еуроны нидерландылық Jumbo –Visma командасы иемденді. Ал, «Астана»  22 клуб арасында ең соңғы сатыға жайғасып, бас-аяғы  15 мың еуро тапты. Өткен жылы бұл көрсеткіш 35 мың еуроны құраған еді. Айта кетейік, биылғы бәсеке шілденің 1-і мен 24-і аралығында өтті және осы аралықта қатысушылар 3350 шақырымды бағындырды. Қазақстандық клубтан ең тәуір көрсеткішке Алексей Луценко қол жеткізді. Ол жалпы есепте 9-шы тұр. Бұған қоса, короновирусқа байланысты бас-аяғы 17 шабандоз бәсекеден шығып қалды.  Оның ішінде «Астана» өкілдері де бар.

ӘЧ: ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ БӘСЕКЕСІНЕ ДАЙЫНДЫҚ

Кемінде бір алтын. Әлем чемпионатына қатысатын ұлттық құрама осындай мақсат қойып отыр. Биылғы байрақты бәсеке Болгария астанасы София қаласында өтеді. Бұл сында ел намысын 20 спортшымыз қорғайды. Яғни, ұлдар арасында 10, қыздар арасында 10 салмақта сынға түседі. Нұрболат Жаңбыров баптайтын жасөспірімдер елордада соңғы дайындығын пысқытап, бүгін айтулы жарысқа аттанды. Қазақстандық таэквондо шеберлері бұл жолы жеңіс тұғырынан табылуды көздейді. Өйткені, 2014 жылдан бері әлем чемпионаттарынан ешқандай медаль болмады. Ал, алтын жүлдені ең соңғы рет 2005 жылы Артур Ким есімді жерлесіміз әкелді. Енді араға осынша уақыт салып олқылықтың орнын толтырамыз және оған әлеуетіміз жеткілікті дейді ұлттық құрама мүшелері.