Елордада аралас жекпе-жектен халықаралық турнир өтуде

Елордада аралас жекпе-жектен Алаш Прайд промоушені ұйымдастырған кезекті халықаралық турнир өтуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сегіз бұрышта жұдырық түйістіруге Түрікменстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия елдерінен спортшылар келді. Қазақстандықтар 10 жұптың 9-нда ел намысын қорғауда. Спортшыларымыздың барлығы дерлік өз жекпе-жектерін жеңіспен аяқтады. Ал басты кездесу промоушеннің чемпионы дағыстандық Рамазан Кадиев пен қырғыз спортшысы Құштарбек Әмірбекұлының арасында болмақ.

Айта кету керек, ресейлік жауынгер өзінің титулдық белбеуін қорғайды.

Данияр Қасқарауов, Alash pride FC президенті:

- Құштарбек Әмірбекұлы – қырғыз спортшысы, біздің Алаш Прайдта қатысып жүргеніне біраз жыл болды. Көптеген жеңістерге жетті. Соның бәрін ескеріп, Рамазан Кадиевпен қойдық. Рамазан Кадиев алдында көктем кезінде Ақтөбеде өткен жарыста біздің мықты Мақсат Есболатов деген ұтылмаған спортшымызды жеңіп, чемпион атанған. Енді осы өтетін жарыста ол өзінің белбеуін қорғайтын болады.