Қазақстан Перу құрамасын ұтты

Қазақстан Перу құрамасын ұтты

Қатарынан үшінші жеңіс. Үндістанның Ченнай қаласында шахматтан бүкіләлемдік олимпиада өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні қазақстандық қыздар Перу құрамасымен жолықты және кездесулер нәтижесінде 3:1 есебі тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жерлестеріміз арасынан Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нахбаева  және Ксения Балабаева қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. Ал, Назерке Нұрғали перулік Малько Бравоға есе жіберді. Бұл жолы Жансая Әбдімәлік жарысқа араласпады. Айта кетейік, бұған дейін ұлттық құрама қыздары Гватемала мен Бельгия құрамаларынан да басым түсті. Ал, ерлер құрамасы алғашқы ойында қытайлық тайпейді жеңген еді. Бірақ, артынша Тәжікстан спортшыларына есе жіберді. Шахмат олимпиадасының жалпы қорытындысы 10-шы тамызда белгілі болады. Қазір оған 186 елден 2 мыңға жуық адам қатысып жатыр.

АЗИЯ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛЫП ЖАТЫР

Сұрмергендер сайысы. Алматы облысында стенд атудан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге 16 елден 300-ге жуық спортшы жиналды. Алғашқы жарыс күндері стенд атудың трап түрі бойынша бәсекелер өтті. Нәтижесінде ерлер арасында кувейттік Насер Меқлат алдына жан салмай, азия чемпионы атанды. Ал, қыздар арасында қытайлық спортшы топ жарды. Осылайша жалпы есепте қазір Кувейт бірінші, Қытай екінші, ал, Италия құрамасы үшінші тұр. Өкінішке орай, жерлестеріміз әзірге жүлдеге ілікпеді. Бірақ, жеңіс тұғырынан табылуға мүмкіндігі бар. Өйткені, құрлықтық дода бір аптаға созылады. Ал, оның жалпы қорытындысы 8-ші тамызда белгілі болады. Айта кетейік, Қалыптасқан жағдайға байланысты карантиндік талаптар күшейтілді. Яғни, қатысушылар мен олардың жаттықтырушылары жарыс алдында ПТР-тест тапсыруға міндетті.

АЙБОЛ ӘБІКЕН ФУТБОЛДАН 4 ЖЫЛҒА ШЕТТЕТІЛДІ

4 жылға шеттетілді. Қазақстан құрамасындағы Айбол Әбікен жақын арада жасыл алаңға шыға алмайды. Допинг дауына іліккен жерлесімізге қатысты осындай шешім қабылданды. Яғни, Әбікен кәсіби футболға енді тек 2026 жылдың 29 сәуірінен кейін ғана оралады. Ол кезде футболшы 30 жаста болады екен. Еске сала кетейік, ол биыл наурыз айында ғана Ұлттар лигасы аясындағы Қазақстан-Молдова матчына қатысқан еді. Қос ойында да белсенді өнер көрсетіп, ұлттық құраманың жеңісіне үлес қосты. Кейін арнайы сараптама жасалып, қан құрамында допинг бары анықталды. Тыйым салынған мельдоний препараты табылған. Жартылай қорғаушы осы маусымның басында «Қайраттан» «Ақсуға» ауысқан еді. Содан бері ел чемпионгатының жеті матчына қатысып, үш мәрте мергендігімен көзге түсіп үлгерді. Айта кетейік, бұған дейін ұлттық құрама сапындағы Бауыржан Исламхан мен Руслан Валиулин де допингпен ұсталып, үлкен спортпен уақытша қоштасқан болатын.