Қазақстан Аргентинаны ұтты – теннис

Дәл қазір Чехияда теннистен жасөспірімдер арасындағы командалық әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың екінші күні жерлестеріміз Аргентина құрамасымен жолығып, 2:1 есебмен ұтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кету керек, Аргентина – 2016 жылғы әлем чемпионы. Енді жерлестеріміз Италия құрамасымен кездесіп, ширек финал жолдамасын сарапқа салады.

КЕЗЕКТІ ЖЕҢІС

Үндістанның Ченнай қаласында шахматтан бүкіләлемдік олимпиада өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні қазақстандық қыздар Куба құрамасымен жолықты. Нәтижесінде жерлестеріміз арасынан Жансая Әбдімәлік пен Гүлісхан Нахбаева қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. Ал Бибісара Асаубаева және Ксения Балабаева кездесулерін тең нәтижемен аяқтады. Осылайша қазақстандық қыздар 5 кездесуде 4 рет жеңіске жетіп отыр. Бұған дейін олар Бельгия, Перу және Гватемала командаларын жеңді және Моңғолиямен тең түсті. Ал Қазақстаннның ерлер құрамасы бұл жолы Латвия шахматшыларын ұтты. Ринат Жұмабаев, Әлішер Сүлейменов, Арыстанбек Оразаев және Қазыбек Нөгербек төрттігі кездесулерін жеңіспен аяқтады. Қорытынды есеп: 4:0. Осының арқасында ұлттық құрама әлемдік рейтингтегі көрсеткішін жақсартты. Яғни қыздар 10-орыннан 6-орынға, жігіттер 22-сатыдан 17-сатыға жоғарылады. Алда тағы 5 матч бар. Командалық шахмат олимпиадасының жалпы қорытындысы 10 тамызда белгілі болады.

«АСТАНА» ШАБАНДОЗЫ 5-ОРЫНДА

Испанияның таулы-қыратты аумағында дәстүрлі велокөпкүндік басталды. Вуэльта Бургос жарысының алғашқы кезеңінде шабандоздар 157 шақырымды бағындырды. Нәтижесінде мәреге ең бірінші боп колумбиялық Сантьяго Буитраго жетті. Ол аталған аралықты 3 сағат 41 минутта бағындырды. Ал қазақстандық клуб сапындағы Винченцо Нибали 5-орынға тұрақтады. Сәйкесінше, жалпы есепте те әзірге 5-орында тұр. «Астана» командасының қалған мүшелері, атап айтқанда Мигель Анхель Лопес кезең қортындысы бойынша 19-шы , Давид Де ла Крус 32-ші, ал Стефан Де Бод 45-орындарға жайғасты. Алда әлі 4 кезең бар. Байрақты бәсеке 6 тамызға дейін жалғасады және осы аралықты қатысушылар 810 шақырымды жүтіп өтуі керек. Одан кейін, яғни, 19 тамыз күні дәл осы жерлерде жылдың басты бәсекесі Вуельта Испания көпкүндігі басталады. 

ЕЛЕНА РЫБАКИНА ЕСЕ ЖІБЕРДІ

Рыбакина есе жіберді. Дәл қазір АҚШ төрінде теннистен қос ірі турнир өтіп жатыр. Яғни әлемнің ең үздік ракеткалары Вашингтон және Сан-Хосе қалаларында бас қосып, өзара мықтыны анықтауға кірісті. Кейінгісінде жерлесіміз Елена Рыбакина өнер көрсетіп жатыр. Бірақ бұл жолғы жарыс сәтті бола қойған жоқ. Жекелей сында ол бірден ресейлік Дарья Касаткинамен жолықты.

Айта кету керек, алғашқы кезеңде 6:1 есебмен қазақстандық теннисші жеңіске жетті. Артынша әлемнің 12-ракеткасы саналатын Касаткина 6:2 және 6:0 есептерімен ұтып, айқын басымдық танытты. Елена жұптық сында да алғашқы айналымнан аса алмады. Ол тағы бір ресейлік Амина Аншбамен бірге сынға түскен еді. Бірінші кездесуде америкалық және нидерландылық жұпқа есе жіберді.  Қортынды есеп: 2:6, 2:6. Қаақстандық теннисші үшін бұл Уимболдан бәсекесінен кейінгі ең алғашқы жеңіліс саналады.