Таэквондодан қоржынға қос қола медаль түсті

Қоржынға қос қола түсті.

Болгария астанасы София қаласында таэквондодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні жертестеріміз арасынан Әлібек Шәкенов жеңіс тұғырына көтерілді. 59 келіде сынға түскен ұлттық құраманың капитаны қола жүлде еншіледі. Кейін дәл осындай жетістікке 55 келіде ел намысын қорғаған Джохир Исламов та қол жеткізді.

Айта кетейік, осының алдында ұлттық құрама сапындағы Тілеулес Тамерлан  мен Айдана Сүндетбай  күміс, ал, Әсет Изғалиев қола жеңіп алған еді. Қай-қайсы да көптен күткен жүлде саналады. Өйткені қазақстандық спортшылар әлем чемпионатынан ең соңғы рет 2014 жылы медаль алып еді. Ал алтын жүлде 2005 жылдан бері жоқ. Нұрболат Жаңбыров баптайтын қыз-жігіттер енді соңғы олқылықтың орнын толтырғысы келеді. Әлем чемпионатына бас-аяғы 20 спортшымыз аттанды. Яғни ұлдар арасында 10, қыздар арасында 10 салмақта сынға түседі.

Қазақстан тәжірибесін басқа елдер қолданады 

Қазақстан тәжірибесін енді басқа елдер де қолданады. Бұл жөнінде халықаралық ату спорты федерациясының өкілі Эмин Джафаров мәлімдеді.

Айта кетейік, дәл қазір Алматыда облысында стенд атудан Азия чемпионаты және рейтингілік гран-при өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге 16 елден 300-ге жуық спортшы жиналды. Олар аптаға жуық уақыт стенд атудың қос бағыты бойынша өзара мықтыны анықтайды. Кейін жеңімпаздарға Азия чемпионы атағы және Әлемдік рейтингтің ұпайлары беріледі. Бұл көрсеткіш алдағы Париж Олимпиадасының жоламадарын алуда негізгі рөлді атқарады. Ерекшелігі сол, біріктірілген форматтағы жарыс алғаш ұйымдастырылып отыр және қазірдің өзінде тиімділігін дәлелдеп үлгерді дейді мамандар.

Эмин Джафаров, ISFF GRAND-PRIX жарысының техникалық делегаты:

- Халықаралық федерация алғаш рет осындай қадамға барды. Жалпы Қазақстан бұған дейін бірнеше Азия чемпионаты мен Әлем Кубогін қабылдады. Осының негізінде қазіргі бәсекені де жоғары деңгейде ұйымдастырып жатыр. Алдағы уақытта осы тәжірибені басқа елдер де қолданып, стенд ату спортының дамуына тың серпін беруіміз керек.