Қарағанды облысында оқушылар садақ атуға құмар

Қарағанды облысында ұлттық спортты дәріптеуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе Ботақара кентінде садақ атуға қызығушылар көп. Мемлекет қолдауымен аудан орталығында ашылған үйірме аз уақыт ішінде құралайды көзге ататын мергендерді дайындау орталығына айналып үлгерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

10 жастағы Айзеренің қолынан жаз бойы жебе түспейтін болды. Ежелгі сақ жауынгерлері секілді қаруды еркін меңгеріп, нысананы дәл көздеу оқушының арманына айналды.   

Айзере Мәулетова, Ботақара ауылының тұрғыны:

Тарихи кино көріп отырып, сондағы басты кейіпкердің әбжіл әрекеті мен қару қолдануына қызықтым. Содан өзім де садақ ата бастадым. Дәлдікпен қатар дұрыс тыныс алу мен шыдамдылыққа үйренесің.

Облыс орталығындағы ұлттық спорт түрлері мектебінде білім алған Айдархан Әбдірахманов оқып-білгенін қазір ауыл өрендеріне үйретіп жүр. Қорамсаға қол салған шәкірттері жарыстарға қатысып, ауданның жақсы атын шығара бастапты.

Айдархан Әбдірахманов, бапкер:

Қазіргі таңда 15 шәкірт дайындап жатырмын. Әртүрлі ашық турнирлерге шығып, Шымкент, Қарағанды қаласында жетістіктеріміз бар. Шәкірттеріміздің биіктен көрінгенін қалаймын.Ересек адамдарды дайындау да ойымда бар.

Мемлекенттік грант бір миллион теңгеге садақ атуға қажетті құрылғылар алынған үйірмеде енді атпен шабуға баулу және жамбы ату секциясы ашылмақ. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Юлана Чаус, Зарина Зұлпыхар