Головкин карьерасын жалғастыра ма, әлде бокстан кете ме?

Абель Санчес Головкиннің мансабы жайлы пікірін айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Геннадий Головкиннің (42-1-1, 37 КО) мексикалық Сауль Канело Альвареске (57-2-2, 39 КО) қарсы үшінші жекпе-жегі қазақстандық боксшы үшін шешуші болмақ. Мұндай пікірді GGG-дің бұрынғы бапкері Абель Санчес білдірді.

Оның айтуынша, трилогияның нәтижесі Головкин карьерасын жалғастыра ма, әлде бокстан кетуге бел буа ма, соны анықтайды.

«Менің ойымша, бұл – GGG-дің соңғы жекпе-жегі. Ол жеңіледі деп ойлағандықтан емес, ол қазірдің өзінде жасаған ісіне, өз тарихына риза деп ойлаймын. Ол Канелоны жеңуі керек. Егер Головкин жеңсе, онда ол жалғастырады. Бірақ жеңе алмаса, спорттан кетеді деп ойлаймын», – деп келтірді izquierdazo.com Санчестің сөзін.

Еске салайық, Головкин мен Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек 17 қыркүйекте Лас-Вегастағы (АҚШ) T-Mobile аренасында өтеді. Канело екінші орта салмақтағы абсолют чемпион атағын алғаш рет қорғайды, ал 40 жастағы Головкинге жаңа дивизиондағы дебюті болмақ.