Қазақстандық теннисшілер әлем чемпионатында 4-орын алды

Жасөспірімдер арасындағы командалық жарыс Чехияның Простеев қаласында өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жерлестеріміз іріктеу кезеңі аясында қазіргі әлем чемпионы Италия және бұрынғы әлем чемпионы  Аргентина құрамаларын жеңді. Ширек финалда Словения спортшылармен жолығып, Даниэль Тазабеков және Заңғар Нұрланұлы қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. Ал, жартылай финалда ұлттық құрама АҚШ спортшыларына есе жіберді. Бірінші ойында Дамир Жалғасбай қарсыласынан ұтылды. Ал, екінші ойында Заңғар Нұрланұлы жеңіске жетіп, таразы басын теңестірді. Бірақ соңғы жұптық бәсекеде америкалық теннисшілер басым болды. Осылайша Сергей Квак баптайтын жасөспірімдер медальға сәл жетпей тоқтады. Алайда осының өзіне спорт мамандары «сенсациялық нәтиже» деген баға беріп жатыр.