Қазақстан құрамасы есе жіберді – шахмат олимпиадасы

Үндістанның Ченнай қаласында шахматтан бүкіләлемдік олимпиада жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарыстың кезекті күні қазақстандық қыздар жарыстың басты фавориті жергілікті құрамамен кездесті.

Айта кету керек, жалпы тізімде Үндістан екінші, ал Қазақстан үшінші тұрған. Жерлестеріміз арасынан Бибісара Асаубаева ғана кездесуін тең нәтижемен аяқтады. Ал Жансая Әбдімәлік, Гүлісхан Нахбаева және Ксения Балабаевалар қарсыласына жол берді. Нәтижесінде ұлттық құрама жалпы тізімде 3-орныннан 8-орынға сырғыды. Ал ерлер құрамасы, керісінше, бұл жолы Хорватия шахматшыларын ұтты. Әсіресе Әлішер Сүлейменов пен Арыстанбек Оразаев қарсыластарынан басым түсті. Ал Ринат Жұмабаев пен Қазыбек Нөгербек тең ойнады. Осының арқасында жігіттер 5 саты жоғарылап, 20-орынға жайғасты. Бүкіләлемдік олимпиаданың аяқталуына 1 ғана тур қалды.

ТРАНСПЛАНТАЦИЯДАН КЕЙІНГІ ӨМІР

Дәл осындай атаумен елордада трансплантация жасатқан адамдар мен диализде ем алып жүрген науқастар арасындағы республикалық спартакиада өтіп жатыр. Айта кету керек, осыдан тура 10 жыл бұрын елімізде алғаш рет ағза трансплантациясы жасалды. Республикалық жарысқа бас-аяғы 150-ге жуық қатысушы жиналды. Енді олар 4 күн бойы 5 бағытта өзара мықтыны анықтайды. Жарыс бағдарламасына жүзу, үстел теннисі, боулинг, волейбол және дартс спорттары қосылған. Кейін үздіктері халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.

Еске сала кетейік, Қазақстан – трансплантациядан кейінгі Дүниежүзілік және Еуропалық спорт федерациясының толыққанды мүшесі. Аталмыш ұйым 17 елдің басын біріктіреді және біздің азаматтар оның жарыстарына тұрақты қатысып тұрады.