Оралдағы мұз айдынында чемпион тәрбиелеу мүмкін емес

Чемпиондар қайдан болады? Оралдағы жалғыз мұз сарайында 500-ден астам бала бір-бірімен жағаласып жаттығады. Мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және хоккейден жаттығу уақыты тұспа-тұс келіп, спортшылар алаңда жаппай жарақат алған кездер де болған. Мұндай жағдай алдағы уақытта тағы қайталанбай ма? Қайтпек керек?

Әлеуметтік желіде тараған бұл видеолар жұрттың жағасын ұстатты. Шорт-трекшілер мен хоккейшілер мұз алаңында бір мезетте жаттығып, кейбірі жарақат алып қалған. Тиісті мамандары оқиғаның былтыр болғанын, ал кадрлар желіде енді тарап жатқанын алға тартты. Дегенмен салада келеңсіздік жиі туындап жатқанын жасырмады. «Мұз» сарайының жаттығу кестесінде бос орын жоқ. Әр секциядағы спортшылар бір сағат шамасында ғана жаттыға алады. Олар алаңнан шығып үлгергенше келесі топ дайындықты бастап кетеді. Осындай қарбалас кезінде мұзды тазартып, күтіп-баптауға да уақыт жоқ.

Александр Каракушиев, қысқы спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының м. а.:

- Бізде жаттығу кестесі таңғы сағат жеті жарымнан кешкі онға дейін. Мұздың жүктемесі өте ауыр. Әр топтың жаттығу уақыты кемінде бір сағат жарым болу керек. Ал бізде уақыт тығыз. Шорт-трекшілер күніне 2 рет жаттыққаны жөн. Сонда шеберлігі едәуір шыңдалар еді. Өкінішке орай, олардың емін-еркін жаттығуына мүмкіндік жоқ.

Мұз сарайының онсыз да ала таңнан қара кешке дейін созылған жұмыс кестесін әкімдік енді түнге дейін ұзартуды жөн көріп отыр.

Жеңіс Нығметуллин, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Біздер «Мұз» спорт сарайының жұмыс регламентін таңғы 6-дан кешкі 12-ге дейін, яғни, қыркүйек айында балалардың оқу жылы басталғаннан кейін график сондай болады. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығына ескерту берілді. Уақыт жетпейтінін біз түсінеміз, дейтұрғанмен бір спорт түрі алаңнан шығып болмай, екіншісін кіргізбеуге.

Спорт кешені 2019 жылы жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілген. Олар ғимараттағы негізгі тоңазытқыш жабдығы мен қосалқы құрылғыларды жаңғыртқан. Келісімге сәйкес нысан бес жыл бойы сол инвестордың қарауында болады. Кәсіпорын демалыс күндері көпшілікке арналған сырғанақ тарифы арқылы табыс табады. Спортшылардың алаңсыз жаттығуы үшін шаһарда тағы бір кешен салу маңызды. Сала маманы жаңа ғимарат жобасын инвесторлар есебінен жүзеге асыру жоспарланғанын айтады.

Жеңіс Нығметуллин, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

- Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде екінші екі мұз айдыны бар мұз сарайын салу жоспарымызда бар. Өзінің процедуралары өткізілді. Ол процедуралар 80 пайызға өтті. Қол қойылғаннан кейін жеке инвестор өз қаражатына біздің 6-шағын ауданда Жеңіс 26Б мекенжайында екінші үлкен мұз сарайының құрылысын бастайды 2023 жылы. 2024 жылы құрылыс жұмысы аяқталады. 

Демек, жаттығу кестесіндегі келеңсіздік кемінде тағы екі жылға созылады. Қысқы спорт түріне қызығушылық танытқан жеткіншектер санының жылдан жылға артып келе жатқанын ескерсек, мұз сарайының ендігі жүктемесін елестету мүлде қиын.

Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов