Қостанай облысында бәйгеден Қазақстан чемпионатының үшінші кезеңі өтті 

Көрермен қиқу қосқан бәйге құнан, топ және аламан жарыстан тұрды. Дүбірлі додаға еліміздің әр түкпірінен 70-ке жуық атбегі күші мен ептілігін сынауға келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін чемпионат кезеңдері Алматы мен Ақтөбеде өткен. 

Нұрбол Әбдірахманов, облыстық ат спорты федерациясының вице-президенті:

– Бұрын Қазақстан чемпионаты Қазақстан кубогі деп барып шабатынбыз әр облыстан. Ал мынадай бәрі ұйымдасқан түрде бір демеуші өткізіп жатқан мұндай болған емес. Бұл өте бір жақсы жағдай. Біздің атбегілерге, ат спорты жанында жүрген мамандарға.

Ел чемпионатының жалпы жүлде қоры 100 млн теңге. Әртүрлі қашықтықта үздік шыққан бес сәйгүліктің иесі ақшалай марапатқа ие болады. Ал тұлпары қазан айында Алматы қаласындағы финалда жарысқа түседі. Сонда мамандар Қостанай тұқымды жылқыларының топ жаратынына сенімді.

Айгүл Амандықова, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының басқарма төрағасы:

– Жылқымыз осы үшке кірген аламанға да, құнанға қатысатын боп жатыр. «Алғыр» дейтін айғырымыз. Негізінде мүмкіндіктері бар.

Негізі Қостанай облысында ат спортының даму қарқыны жоғары. Қазір ұлттық спорт мектебінде 500-ден аса шәкірт бар. 96 бала атқа отыру мәдениетін үйреніп, шабандоз болуға ұмтылып жатыр.

Айбат Қабажаев, облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің басшысы:

– Кеше ғана Көкшетаудағы жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында содан біздің екі азаматымыз күміс жүлде алды. Оның алдында да екі қола әкелген. Бұрынғы дамымай жатқан ұлттық спорт қазіргі таңда дамып, жылдан-жылға жақсы нәтижелер шығып жатыр.

Біріншілік қорытындысы бойынша құнан бәйгеде Қарағанды облысының «Тайфун» атты сәйгүлік үздік атанды. Топ бәйгеде алматылық «Телқоңыр» мәре сызығын бірінші боп кессе, 22 шақырымдық аламан жарыста Абай облысының «Нарқызылы» жүйрік болды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров