476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ислам ынтымақтастық ойындары. Жерлестеріміз чемпион атанды

  • 257
  • UPD: 10:21, 18.08.2022
Ислам ынтымақтастық ойындары. Жерлестеріміз чемпион атанды

Қоржында тағы 4 алтын. Түркияның Конья қаласында Ислам ынтымақтастық ойындары жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарыстың соңғы күндері кикбоксингтен медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстандық спортшылар арасынан 51 келідегі Нұрсұлтан Жұмабаев қарсылас шақ келтірмей, алтын жүлдегер атанды. Ол финалда Өзбексан спортшысын ұтты. Кейін Нұрсұлтанның жеңіс жолын орта салмқатардағы Алихан Оздоев пен Мақсат Үсіпов жалғастырды. Бұған қоса, 81 келіде сынға түскен Руслан Степанов финалға дейін жетіп, соңғы сында ғана есе жіберді. Нәтижесінде ұлттық құрама спортшылары 3 алтын және 1 күміс жеңіп алды. Медальдар тізімі арта түсуі мүмкін. Өйткені финалға жолдама алған тағы бір спортшымыз Берік Ысқақов енді бағын сынайды.

Жүзу шеберлері де жеңіс тұғырынан табылды. Әсіресе ұлттық құрама үздігі Әділбек Мусин бұл жолы 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде чемпион болды. Тіпті ол аталған аралықты 23.50 секундта бағындырып, рекорд жаңартты. Командалық эстафетатада да алтын жүлдеміз бар. Дәл осы Әділбек Мусин, бұған қоса Егор Попов, Айбек Камзенов және Александр Варакиннен құралған төрттік 400 метрлік сында топ жарды. Ал, қазақстанның қыздар құрамасы үздік үштікті түйіндеді. Каратэ шеберлері де жақсы өнер көрсетіп жатыр. Әсіресе 60 келіге дейінгілер арасында Қайсар Алпысбай барлық қарсыласын ұтты. Ол финалда Кувейт өкілімен жолығып, 4:1 есебімен басым түсті. Осының арқасында Қазақстан жалпыкомандалық есептегі 5-ші орнын сақтап қалды. Жерлестеріміз бүгінге дейін бас-аяғы 80 медаль еншіледі. Оның 24-і алтын.

ГОЛОВКИН-АЛЬВАРЕС КЕЗДЕСУІНЕ ДАЙЫНДЫҚ

«Жаттығу лагерінің жартысын артқа тастадық. Әрі қарай жұмысты жалғастырамыз». Қазақстандық Генадий Головкин әлеуметтік желідегі парақшасына қазақ тілінде дәл осындай жазба қалдырды.

Айта кетейік, ол тура 1 айдан кейін, яғни 18 қыркүйек күні мексикалық Сауль Альвареспен жолығады. Жекпе-жек-кеші Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да өтеді. Тікелей трансляцияны DAZN стриминг сервисі ұйымдастырады. Бірақ Қазақстан аумағында көрсетілуі туралы әзірге ақпарат жоқ.  Қазақстандық және мексикалық боксшы осымен үшінші рет жолыққалы отыр. Бірінші жекпе-жек тең нәтижемен аяқталса, екіншісінде «Канело» жеңіске жетті. Ал алдағы кездесуде орта салмақтағы WBA, WBC, WBO және IBF чемпиондық белбеулері сарапқа салады. Бұған қоса, қос боксшы кемі 80 млн доллар көлемінде табыс табады. Жекпе-жек кешінің билеттері сатылымға шықты және Головкин мен Альварес бірлескен баспасөз мәслихатын өткізіп, көз арбасып үлгерді.

ЕЛ НАМЫСЫН КІМДЕР ҚОРҒАЙДЫ?

Ел намысын қорғайтындар есімі жарияланды. Бірер аптадан кейін теннистен ерлер арасындағы Дэвис кубогі басталады. Дүниежүзілік дода биыл ерекше форматта ұйымдастырылмақ. Яғни, топтық кезең алғаш рет төрт қалада өтеді. Кейін әр топта үздік атанған екі командаға  ширек финал жолдамасы беріледі. Дәл осы додада Қазақстан атынан Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Дмитрий Попко, Андрей Голубев және Александр Недовесов бестігі сынға түседі. Жігіттер Д тобында ойнайды. Бұнда жерлестерімізден бөлек, Ұлыбритания, Нидерланды және АҚШ командалары бар. Турнирдің өзі 13 және 18 қыркүйек аралығында Шотландияның Глазго қаласында болады деп жоспарланып отыр. Ал, плей-оффқы шыққан құрамалар 23 және 27 қарашада Испанияның Малага қаласында тағы өзара мықтыны анықтайды.

Айта кетейік, Қазақстан Дэвис кубогында 1995 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осы аралықта бірнеше мәрте ширек финалға дейін жетті.

ХОККЕЙДЕН ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ КУБОГІ

«Барыс» жеңіске жетті. Елордада хоккейден ҚР Президенті кубогына арналған халықаралық турнир жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні жергілікті «Барыс» Нижнекамск қаласынан келген «Нефтехимикпен» жолықты. Матч 3:0 есебімен аяқталды. алаң иелері сапынан Михаил Рахманов, Линден Вей және Динмухамед Кайыржандар мергендігімен өкзге түсті.

Айта кетейік, «Барыс» үшін бұл жаңа аусым алдындағы алғашқы және өте маңызды жеңіс. Өйткені бірінші матчта Автомобилист командасына есе жіберді. Осы жеңістің арқасында Андрей Скабелка баптайтын жігіттер жалпы тізімнің 2-сатысына жайғасты. Енді «Барыс» Магнитогорск қаласының «Металлург» клубымен жолығады. Кейінгісі әзірге турнир тізімін бастап тұр. Шешуші матч ертең өтеді.

Хабар 24 телеарнасы