Бүгін боксшы қыздар марапатталды

Бокстан әйелдер арасында өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 5 медаль ұтып алды. Оның төртеуі қола, біреуі күміс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Стамбұлдан жүлдемен оралған боксшыларды марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиында Қазақстан бокс федерациясының президенті әйелдер боксының жақсы дамып келе жатқанын атап өтті. Біздің спортшылар әлемнің 72 елінен жиналған 300 боксшының арасында бақ сынады. 51 келі салмақта сынға түскен Алуа Балқыбекова күміс медаль иеленді. Алғашында бал биіне қатысқан Алуа боксқа 11 жасында келіпті. Былтыр ол Азия чемпионы атанған еді.

Алуа Балқыбекова, бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

– Әлем чемпионатына бара жатқан кезде әрқайсымыз алтын алу үшін барған болатынбыз. Бірақ енді мұңаймаймыз. Аллаға шүкір деп  әрі қарай жұмыс жасап әлі де талай Әлем чемпионаттары, Азия чемпионаттары және де алдына Олимпиада ойындары бар соған жақсылап дайындалып жүлделі боламыз деген ойдамын.

Кеңес Рақышев, Қазақстан бокс федерациясының президенті:

Алдымызда Олимпиада ойындары келе жатыр. Соған тыңғылықты дайындалуымыз қажет. Жақында жаңа бапкердің келгенін білесіздер. Ол құрама команданың олимпиадалық циклге тас-түйін дайын болуы үшін барлық күш-жігерін салуға әзір.