Спорт төрешілерінің жалақысы өседі

2024 жылға дейін спорт төрешілерінің жалақысы кезек-кезеңімен өседі. Спорт жəне дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни базалық лауазымдық жалақы 10%-тен 100%-ке дейін артпақ. Мәселен, төрешілерге бұрын жарыстың бір күніне 2600 теңге төленсе, қазір 8 мың теңге алады. Ал келесі жылы 5 мың теңге тағы қосылады. Бұдан бөлек, ведомство басшысы өңірлерде мүгедектігі бар адамдарға арналған спорттық даярлау орталықтарын құру жоспарланып отырғанын айтты.

Бекболат Байжанов, ҚР МСМ спорт жəне дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары:

– Негізгі бағытты ауылдық жерге бұрып, тез салынатын спорт сарайларын салуды жоспарлап отырмыз.

Ведомствоның мәліметінше, 481 спорт мектебінде 387 мыңға жуық бала мен жасөспірім бар. Онда 14 443 жаттықтырушы жұмыс істейді. Ал 12 өңірде спортта дарынды балаларға арналған 13 облыстық мектеп-интернат жұмыс істеп тұр. Мекемеде 4 мыңға жуық тəрбиеленуші оқиды.