Бес палуан жүлдеге ілікті – еркін күрес

Чемпиондар елге оралды. Қазақстандық палуандар биылғы әлем чемпионатында ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

20 жасқа дейінгілер арасындағы жарыс Болгария астанасы София қаласында өтті. Еркін күрес шеберлерінің бәсекесінде 57 келідегі Мерей Базарбаев финалға дейін жетіп, соңғы сында ғана есе жіберді. Кейін дәл осындай жетістікке әйелдер күресінде Алтын Шағаева мен Анастасия Панасович қол жеткізді. Олар сәйкесінше, 53 және 72 келіде сынға түскен болатын. Ал орта салмақтағы Мәдина Аман үздік үштікті түйіндеп, қола жүлдегер атанды. Грек-рим күресінде де екі қола бар. Елордалық Мақсат Сайлау мен жамбылдық Дінмұхамед Қошқар жеңіс тұғырына көтерілді. Ал қостанайлық Юсуф Мациев күміс жүлде еншіледі. Осының арқасында грек-рим күресінен және әйелдер күресінен жалпыкомандалық есепте 6-орынға тұрақтадық. Ал еркін күрес шеберлері арасында ұлттық құрама 12-тұр. Топ басына Иран, АҚШ, Үндістан, Әзібайжан, Жапония және Түркия командалары жайғасты. 

ӘЛІМХАНҰЛЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ 

Әлімханұлы – WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы. Спорттық порталдар мен спорт мамандары осылай жарыса жариялап жатыр. Өйткені оның басты қарсыласы және чемпиондық белдіктің иегері Деметриус Андраде титулдан бас тартты деген ақпарат бар. Америкалық боксшы оны салмағын ауыстыратынымен, яғни, екінші орта салмаққа көтерілетінімен түсіндірді. Бұндай жағдайда белдік автоматты түрде Жәнібекке беріледі. Өйткені ол дәл осы тұжырым бойынша уақытша чемпиондық белдіктің иегері және титулға басты үміткер саналады. Осының алдында ғана қазақстандық боксшы Андрадеге қашпауға кеңес берген болатын. Жекпе-жексіз чемпион болу жақсы, ал чемпионды нокаутқа жіберу одан да жақсы деп сөзін түйіндеді Жәнібек.

Айта кетейік, ол ең соңғы рет мамыр айында жұдырықтасты. АҚШ төрінде британдық Дэнни Дигнумды нокаутпен ұтты. Осының арқасында кәсіпқой бокстағы көрсеткішін 12 жекпе-жек, 12 жеңіске жеткізді.

КЕШЕНДІ ДАЙЫНДЫҚҚА КІРІСТІ 

Қазақстандық Әли Балоев қызу дайындаққа кірісті. Кәсіпқой бокста 12 жекпе-жек өткізіп, әлі жеңілістің ащы дәмін татпаған жерлесіміздің болашағынан мамандар зор үміт күтіп отыр. 8 жасынан бастап білікті бапкер Сағатбек Мұсахановтың қол астында тер төгіп жүрген Әли бірінші ауыр салмақта қарсы келгендерді бет қаратар емес. Балоев келесі кездесуін 24 қыркүйек күні Мәскеуде өткізеді. Қарсыласы әзірге белгісіз. Жақында ғана «Hardkor Boxing» промоутерлік компаниясымен келісім шартқа отырған боксшы, осы ұйымның ұйымдастыруымен жаз айында екі рет шаршы алаңға шықты. Алғашында Ресейлік Расул Дибировты мерзімінен бұрын ұтса, одан кейін еуропа чемпионы Босниялық Жамал Васнякты есінен тандырған болатын. Егер Әли Балоев қыркүйек айында жеңіске жетіп жатса, осы жылдың соңында чемпиондық белбеу үшін шаршы алаңға шығу әбден мүмкін.

Әли Балоев, кәсіпқой боксшы:

Екі жылдық үзілістен кейін шаршы алаңға шығу оңайға соқпады. Қарсыластарым да осал болған жоқ. Әсіресе Еуропаны мойындатқан Васнякпен біраз тер төгуге тура келді. Енді осы жолдан адаспай чемпиондық белбеуге жақындау керек. Мен келісім шартқа отырған «Hardkor Boxing» промоутерлік компаниясы Еуропада үлкен беделге ие. Мақсатым жыл соңында кез-келген тұжырымдама бойынша әлем чемпионы атанып, Қазақ елінің абройын асқтату.

ДАНИЛИНА ЕКІНШІ АЙНАЛЫМҒА ШЫҚТЫ

Данилина екінші айналымға шықты. Қазақстандық теннисші АҚШ-тың Кливленд қаласындағы рейтингілік турнирге қатысып жатыр. Анна жұптық сында сербиялық Александра Круничпен бірге жеңіске жетті. Олар алғашқы айналымда қос америкалық теннисші Мэдисон Бренгл және Лорен Дэвиспен жолыққан болатын. Матч 1 сағат 36 минутқа созылды. Қорытынды есеп: 7:6, 2:6 және 10:7. Енді Данилина мен Крунич жапониялық және индонезиялық жұппен кездесіп, үшінші айналым жолдамасын сарапқа салады.

Айта кетейік, жуырда ғана әйелдер теннисі қауымдастығы әлемдік рейтингті жаңартты және соған сәйкес Анна Данилина жұптық сында бір саты жоғарылап, 20-орынға жайғасқан болатын. Кливленд қаласындағы турнир 28 тамызға дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры 251 мың АҚШ долларын құрайды.