Б.Арум: Жәнібек ұзақ уақыт чемпион болады

Жәнібек ұзақ уақыт орта дивизион үздігі болады. Top Rank промоутерлік компаниясының басшысы Баб Арум қазақстандық боксшыға қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жәнібек Әлімханұлын орта салмақта әлемдегі кез келген спортшыға қарсы қояр едім. Ол қуаты сұмдық солақай», – деді Арум.

Айта кетейік, жерлесіміз жуырда ғана WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Өйткені оның басты қарсыласы және осы белдіктің бұрынғы иегері Деметриус Андраде титулдан бас тартты. Америкалық боксшы оны салмағын ауыстыратынымен түсіндірді. Енді Жәнібек қараша айында чемпиондық белдігін қорғауы қажет. Қазір оған қарсылас іздестіріліп жатыр. Ал Жәнібектің өзі алдағы жылы 4 чемпиондық белдікті біріктіруді көздейді. Осы мақсатта ең алдымен америкалық Джермалл Чарломен жұдырықтасып, WBC тұжырымы бойынша топ жаруды жоспарлап отыр. Орта салмақтағы қалған 2 белдік, яғни, WBA және IBF белдіктері қазір тағы бір қазастандық Генадий Головкинннің қолында.

3 ТЕННИСШІМІЗ ЖАРЫСТЫ ЖАЛҒАСТЫРАДЫ

Үш теннисшіміз жарысты жалғастырады. АҚШ төрінде жылдың басты бәсекесі Америка ашық чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстандық спортшылар жекелей сындағы бәсекені аяқтады. Әйелдер арасында негізгі үміт Елена Рыбакина мен Юлия Путинцевада болған. Елена бірінші, ал Юлия екінші айналымнан аса алмады. Жерлестеріміз арасынан тек Анна Данилина ғана жұптық сында екінші айналымға өтіп, бәсекені жалағастыруға мүмкіндік алды. Ерлер арасында Александр Бублик жекелей сында әлемдік рейтингте 12-орында тұрған испаниялық Пабло Карено-Бустодан ұтылған болатын. Ал жұптық сында даниялық Холгер Рунемен бірге сәтті өнер көрсетіп жатыр. Олар бірінші айналымда америкалық теннисшілерді жеңді. Дәл осындай жетістікке тағы бір қазақстандық Александр Недовесов та жетті. Ол пәкістандық спортшымен бірге екінші айналымға жолдама алды. Нью-Йорк қаласындағы турнир 11 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры 60 млн АҚШ долларын құрайды.

«АСТАНА»ШАБАНДОЗЫ АЛДЫҢҒЫ ОНДЫҚТА 

«Астана» шабандозы алдыңғы ондықта. Испанияның таулы-қыратты аумағында дәстүрлі велодода жалағасып жатыр. Жарыстың кезекті, яғни, 12-кезеңінде спортшылар 193 шақырымды бағындырды. Бұл сында колумбиялық Ричард Карапас топ жарды.Ол аталған аралықты 4 сағат 38 минут 26 секундта жүріп өтті. Ал «Астана» спортшыларынан ең тәуір көрсеткішке Мигель Анхель Лопес қол жеткізді. Ол жеңімпаздан 7 минутқа кешігіп, мәре сызығын 19-ші болып кесті. Соның арқасында жалпы есептегі орнын сақтап қалды. Лопес қазір 7-ші болып тұр. Көш басындағы Ремко Эвенепул келеді. Алда әлі 9 кезең бар. Вуельта Испания жарысы 11-ші қыркүйкке дейін жалғасады. Айта кетейік, биылғы бәскеде шабандоздар бас-аяғы 3200 шақырымды жүріп өтуі керек.

ЛИЦЕНЗИЯЛЫҚ ӘЛЕМ КУБОГЫН ҚАБЫЛДАЙМЫЗ

Қазақстан лицензиялық әлем кубогын қабылдайды. Бұндай деңгейдегі жарыс елімізде алғаш өткелі тұр. Байрақты бәсеке алдағы жылы мамыр не маусым айында Алматыда болады. Бұл жөнінде Қазақстан спорттық ату федерациясының бас хатшысы Олег Почивалов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жергілікті спортшылар үшін және жалпы елдегі стенд ату бағытын дамыту үшін керемет мүмкіндік. Өйткені оған әлемнің ең үздік сұрмергендері жиналады. Мыңнан аса спортшы Париж олимпиадасының жолдамасын сарапқа салады. Қазақстандық қатысушылар солармен бірге сынға түсіп, шеберліктерін шыңдай алады. Бұған қоса, жарыс трансляциясы тікелей эфирде төрткүл дүниеге таралады.

Айта кетейік, жуырда ғана Алматыда стенд атудан Азия чемпионаты және рейтингілік гран-при ұйымдастырылды. Бұл сында Қазақстанның әйелдер құрамасы жалпы есепте бірінші, ал ерлер құрамасы 3-орын алды.

Олег Почивалов, Қазақстан спорттық ату федерациясының бас хатшысы:

– Алматыдағы жарыс өте жоғары деңгейді өтті. Соның нәтижесінде халықаралық федерация мен азия конфедерациясы лицензиялық бәсекені де Қазақстанда өткізу жөнінде шешім қабылдады. Ресми рұқсат берілді. Айтулы дода отандық спортты дамытуға да, елдің иммиджін арттыруға да керемет серпін әкелеріне сенімдімін. Өйткені олимпиада іріктеу сынын кез келген ел қабылдай бермейді.