Ташкент ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің спорт елшілерін қабылдады

Жер-жерден жиналған белгілі боксшы, балуан, зілтеміршілер достық әрі ынтымақтастық рухта түрлі кездесулер өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан намысын олимпиада және әлемдік додаларда қорғап жүрген бокшылар Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов - шараға арнайы шақырылғандар қатарында. Ресейлік, қытайлық, пәкістандық әлемге әйгілі спортшылармен қатар шеберлік сабағын ұйымдастырды. Оғландарымыз елдер арасындағы достықтың ерекше үлгісін көрсетті. Дүбірлі додадағы қарсыластарымен былайғы күндері жанашыр бауыр екенін дәлелдеді. Жалпы Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясында спорт елшілері алғаш рет таңдалып отыр. Біздің мемлекет әуелгі жолы боксшыларын жіберді. Бастама салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға сеп.

Сәкен Бибосынов, бокстан әлем чемпионы:

Мықты спортшыларды көріп жатырмыз. Тәжірибе алмасып жатырмыз. Жастарды көріп жатырмыз. Бұл, әрине, спорт достықтың, тыныштықтың белгісі. Шаршы алаңда өзбек ағайындармен қарсылас болсақ та, сырттай доспыз.

Қамшыбек Қоңқабаев, бокстан олимпиада ойындарының жүлдегері:

Олимпиада комитеті, паралимпиада комитетімен таныстық, аралап шықтық. Көңіл қуантатын жағдай, Өзбекстанда барлық спорт дамып келе жатыр екен. Енді бәсекелес деген жақсы. Көрші мемлекет болған соң бір-бірімізбен бәсекелесіп, көп мемлекетті артта қалдырып жатырмыз.