Қазақстан құрамасы Дэвис кубогіне дайындықты бастады

Енді үш күннен кейін «Дэвис кубогі–2022» басталады. Теннисшілер арасындағы тартыс бұл жолы Шотландияның ең ірі қаласы Глазгода өтпек, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Біздің құрама қазір дайындыққа білек сыбана кірісіп кетті. Топтық кезеңнің мықтылары 13-18 қыркүйек аралығында анықталмақ. Қарсыластарға келсек, биыл Ұлыбритания, АҚШ және Нидерландықтармен бақталас болу бұйырыпты. Жеңіс пен жеңіліске қатысты алдын-ала болжамдарда жоқ емес. Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкиннің сөзіне сенсек, қай құраманы алып қарамасаңыз да, жұптық сында мықтылар жеткілікті болып тұр. Сол себепті ақтық сынға шығуға әркімнің -ақ таласы бар.

Михаил Кукушкин, Қазақстандық теннисші:

– Жалпы мұндай жағдай бізде жиі болады. Қандай-да бір жарысқа келесің, қарсыластарды көресің. Ал олар топ ондыққа кіретін ойыншылар болып шығады. Әй осы жолы ұтыламыз -ау деп ойлайсың, бірақ түбінде әйтеуір жеңіп шығамыз.