Маңғыстау облысында тұрғындар спорт кешенін бұзбай, жаңалауды сұрап отыр

80-ге жуық тұрғын 1-шағынаудандағы «Каспий» спорт кешенінің алдына жиналды. Оның ішінде ата-аналар, жаттықтырушылар мен қызметкерлер бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бәрінің айтары бір: спорт кешенін сақтап қалу керек.

Жеңісбек Қуанов, қала тұрғыны:

- Менің балам 4 жылдан бері қарай, биыл 5-жыл, осында футбол клубына қатысады. Жеңістіктерге жетіп жатыр, чемпион Қазақстан болып жатыр. Оның бәрі қуантады. Каспийдің зданиесі сносқа кетеді деген, біз оған қарсымыз. Қаланың ішіндегі тұрған жалғыз футболный клуб, полясы бар. Неге соны акимат, облыс басшысы, қала көркетпейді. Неге 6-шы, демалыс күндері демалыс ұйымдастырмайды, футбольный жарыстар болса.

«Каспий» спорт кешенінде 800-ден астам бала футболмен айналысады. Кіші және ересек  топтардан бөлек, кешке қарай қала тұрғындары жаттығады. Сондықтан жиналғандар кешенді бұзбай, жаңалауды сұрап отыр. Себебі 36 жыл бұрын ашылған ғимарат 2017 жылы апатты деп танылған.

Әбілқайыр Байпақов, қала әкімінің орынбасары:

- 2017 жылы жасалғаннан кейін ғимараттың қандай жағдайда екенін анықтамаған әлі. Сондықтан қарау керек. Бұл кісілер петиция жазған. Президенттің атына, бас прокуордың атына. Ынталы топ құрып, нақты қандай ұсыныс бар екенін талқылап нақты шешім қабылданады.

Абылай Исамбаев, қалалық Прокуратураның бөлім прокуроры:

- Әкімдіктен құжатты сұраттық, тексеріледі. Бұл жағдай бақылауда.

Жергілікті әкімдік өкілдері спорт кешеніндегі балаларды 12-шағынаудандағы «Жас қанат» ғимаратына және басқа мекемелерге ауыстыруға шешім қабылдаған. Сондай-ақ, алдағы уақытта қаланың шетінен 8 мың орындық заманауи стадион салынбақ. Ал, қазіргі «Каспий» спорт кешенінің орнына қонақ үйлер бой көтереді.

Ғалия Кенжебаева, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

- Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдардың тарапынан қаланы дамытудың заманға сай тұжырымдамасы әзірленуде. Тұжырымдамада бүкіл жағалау бойына заманау туристік кластер салу көзделген. Онда халықаралық деңгейдегі қонақ үйлер, спорт аймақтары, аквапарк, яхталарға арналып, жақсартылған пирстер, қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақыттарын өткізуге арналған демалыс және ойын-сауық аймақтары болады. Осы кластердің салынуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді деп күтілуде.

 «Каспий» спорт кешені спорт басқармасының теңгерімінде. Ондағылар ғимараттың жарамдылығын тексеру үшін сараптама жасалатынын хабарлады.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Қаладағы 1 мыңнан астам тұрғын керісінше ғимаратты бұзуды қолдап, петиция жариялаған. Енді соңғы нүктені облыстық прокуратура қояды. Барлық жоспарланған іс-шараларды тексермек. Әзірге барлығы тоқтап тұр.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев