Шотландия төрінде теннистен командалық әлем чемпионаты жалғасып жатыр

Екі рет есе жіберсек те, топтан шығуға мүмкіндік бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шотландия төрінде теннистен командалық әлем чемпионаты жалғасып жатыр. Қазақстан құрамасы алғашқы ойындарда жеңіліп қалды. Соған қарамастан тізімде әзірге үшінші тұр. Яғни жерлестердің ендігі тағдыры қарсыластардың ойынына тікелей тәуелді болмақ.

Аслан Қаженов, тілші:

- Мен қазір Шотландияның ең ірі қаласы Глазгода тұpмын. Бұнда бірер күн болды халықаралық Дэвис Кубогі өтіп жатыр. Бұл теннистен ерлер арасындағы командалық бәсеке. Қазір оны әлем чемпионаты деп те атауға болады. Өйткені, өзгертілген форматы бойынша әлем үздіктері бір жерге жиналып, өзара мықтыны анықтайды. Олардың арасында өзіміздің жігіттер де бар. Қазақстан құрамасы Нидерланды, Ұлыбритания, Америкамен бір топқа түсті. Тіпті аудсайтер болғанымен, үздіктер қатарына кіріп, топтан шығу дәмесі де бар.

Мына қызықты қараңыз. Бұл – Дэвис Кубогінің жеңімпазына берілетін бас жүлде. Түпнұсқа. Таңқалғаным, әдетте бұны жарыс өтетін алаңға әкеліп, көшеге қоймайды. Бірақ біз сияқты теннис жанкүйерлеріне керемет мүмкіндік. Ол 1952  жылы жасалған. Содан бері 70 жыл өтті. Мына жерде әр команданың атауы жазылған. Кубокты қолмен ұстауға болмайды. 

Дэвис Кубогінің матчтары осылай бір минут үнсіздікпен басталады. Яғни екінші Елизабетаның қаза болуына байланысты он күн қаралы күн жарияланды. Енді екі елдің әнұраны орындалады.

Дәулет Жүнісбек, cтудент:

Қазақстандық жанкүйерлер неге аз? Барлығы мүмкіндігінше келді деп ойлаймын. Біз бүгін уқаытымызды бөліп, жолдасымызбен Қазақстандық қолдауға келдік.

Осындағы қыздар мен жігіттерімізге ренжуге де болмайтын шығар. Әркімнің өз таңдауы бар. Қазір мен осы олқылықтың орнын толтырып, ұлттық құраманың киімін кием. Даусым қарлыққанша жанкүйерлік қылам.

Михаил Кукушкин, теннистен ұлттық құрама мүшесі:

- Қарсыластар шетінен мықты. Ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Мен бүгін ұлттық құрамадағы 50-ші матчымды өткіздім. Осындай ерекше күнде жеңіске жетіп, қазақ елін қуантқым келген. Бірақ жолымыз болмады.

Аслан Қаженов, тілші:

- Қорытынды есеп: 2:1. Қазақстан құрамасы соңғы жұптық сында ғана жеңді. Ал, жалпы есепте жеңіліп қалды. Дәл осындай нәтижемен Нидерландыға да есе жіберіп ек. Енді Ұлыбритания құрамасымен ойнаймыз. Сосын барып, топтан шығатын командалар анықталады.

Авторлары: Аслан Қаженов, Жандос Қайролла