Ол кездесуде жеңілгенімен, қазақстандық талай жасқа үлгі болып қала береді – қарағандылықтар

Жасы қырықтың қырқасында болса да, 32 жастағы әлемнің ең үздік боксшысының бірі Сауль Канелло Альвареске қарсы 12 раунд бойы лайықты кездесу өткізген Геннадий Головкин шын мықты екенін дәлелдеді.  Ол кездесуде жеңілгенімен, қазақстандық талай жасқа үлгі болып қала береді. Бүгін таң атпастан жерлесімізге қолдау білдіруге келген қарағандылықтар осылай дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар GGG-дің жеңісіне сенгенін, бірақ бұл спорт ал онда жеңілістерде кездесетінін жақсы ұғынады. Майқұдықтың орталық алаңына жиналған көпшіліктің ішінде Геннадий Головкингмен бокс жолын бірге бастаған бала кезгі достары да болды. Олар даңқты жерлесіміз әлі талай кездесу өткізуі мүмкін екенін, себебі бүгін жеңілгенімен бабының қайтпағанын көрсетті деп отыр.

Нұрлан Әубәкіров, Геннадий Головкиннің жолдасы:

– Гена кез келген кездесуге тыңғылықты дайындалатын, бабында жүретін спортшы. Бұл кездесуді бүкіл әлем күткен болатын. Жерлесіміз қолынан келгенін жасап, жеңуге тырысты. Бірақ нәтиже өкінішке қарай біз күткендей емес. Осыған қарамастан Гена бабында екенін көрсетті. Ол чемпион болып қала береді. Әлі талай кездесу өткізеді деп ойлаймын. Мұнымен тоқтап қалмауы тиіс.