Бибісара Асаубаева көрсеткішін жақсартты

Бибісара Асаубаева көрсеткішін жақсартты

Асаубаева көрсеткішін жақсартты. Елордада шахматтан әйелдер арасында халықаралық федерациясының гран-приі жалғасып жатыр және жарыстың соңына қарай спортшылар арасындағы тартыс күшейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

9-турда қазақ қыздары тең нәтиже тіркеді.

Мәселен, Жансая Әбдімәлік ресейлік Александра Горячкинамен жолығып, өзара мықтыны анықтай алмады.

Айта кетейік, соңғысы жарыстың басты фавориті саналады. Бірақ осы кездесуден кейін турнир кестесінің топ басынан түсіп қалды. Ал, Бибісара Асаубаева германиялық Динара Вагнермен тең ойнады. Жарыс қорытындысы бойынша Жансая жалпы есепте 7-орынын сақтап қалды. Ал, Бибісара 1 саты жоғарылап, 8-орынға жайғасты. Байрақты бәсекенің аяқталуына 2 тур қалды. Астанадағы жарыс 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал, оның жүлде қоры 80 мың еуроны құрайды.

ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫНА ЕКІ ҚАДАМ ҚАЛДЫ

Еуропа чемпионатына екі қадам қалды. Қазақстан футболдан 2014 жылғы құрлықтық додада өнер көрсете алады және ұлттық құрама үшін бұндай мүмкіндік алғаш туып тұр. Қазақстандық жігіттер Ұлттар Лигасында сенсациялық жетістікке жетті. «С» дивизионында 13 ұпай жинап,  өз тобының бірінші сатысына жайғасты. Енді басқа топтардың үздіктерімен бірге жалғыз жолдамаға таласады. Біз үшін бұл кезеңде Түркия, Грекия және Грузия құрамалары басты қарсылас саналып отыр. Іріктеу сындары 2024 жылдың наурызында өтеді. Яғни, 21 наурызда жартылай финал, 23 наурызда финал болады деп жоспарланған. Сәйкесінше, жоғарыда айтылған әр команда 2 сәтті қадам жасап, Еуропа чемпионатына түсе алады.

Айта кетейік, Қазақстан УЕФА аясында өнер көрсеткелі өз тарихында алғаш рет 13 ұпай жинады. Бұрын «Еуро-2008» және «Еуро-2020» іріктеу жарыстарында 10 ұпай алған болатын.

ВЕЛОМАРАФОН БЕЛ ОРТАСЫНА ЖЕТТІ

Веломарафон бел ортасына жетті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық велошеру жалғасып жатыр. Жоба авторы Ернат Мелсұлы бүгінге дейін 2400 шақырымды артқа тастап, Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылына жетті. Ернат бұл сапарын 5 қыркүйекте бастаған болатын. Содан бері 4 облысқа, яғни, Қостанай, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстауға табан тіреді. 22 күнде 6 келі салмақ тастадым. Бірақ физикалық және психологиялық бабым жақсы дейді әуесқой велошабандоз. Енді ол Маңғыстау облысындағы Құрық портына жетіп, әрі қарай Әзірбайжан, Грузия және Түркия елдеріне өтпек. Яғни, 55 күнде 5555 шақырымды артта қалдырам деп бекініп отыр. Осы аралықта аялдаған жерлерінде ұлт ұстазының еңбегін насихаттайды.

Бұған қоса, жергілікті халықтың тұрмысы мен тарихы жайында әлеуметтік желіге қазақ және ағылшын тілдерінде ақпарат қалдырады. Велосапар Стамбул қаласында мәреге жетеді.