Ақмолада өңір халқының 35 %-і спортпен айналысады

Жарты жылға жуық үзілістен кейін «Бурабай» спорт сарайының мұз айдыны қайта ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда қазір бірнеше спорт түрінен жаттығулар өтеді. Солардың бірі – шорт-трек. Спортшылар небәрі бірнеше жылдың ішінде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Сондықтан да болар, бүгінде оқушылар арасында аталған спортқа деген қызығушылық артқан. Мәселен, онымен қазір Көкшетау қаласының өзінен 100 шақты бала шұғылданады.

Диана Ысқақова, жаттықтырушы:

- Рудный қаласында өткен Қазақстан чемпионаты болды. Алексеева Милана жүлделі орынға ие болды. Ол, 1-орынға ие болды. 333 метр. қашықтықта. Жетістіктеріміз аз емес. Көбі білмейді. Сондықтан жарнама жасаймыз. Балалар бір-бірінен естиді мектепте, жүлделі орындар алса. Бір-бірін көреді және тартылады. 

Ал, Ақмола облысында бокс пен триатлоннан бөлек шаңғы және биатлон секілді қысқы спорт түрлері жақсы дамыған. Олардан талай әлем чемпиондары шықты. Бірақ, мұнымен тоқмейілсіп қалуға болмайды. Себебі, салауатты өмір салтын серік еткендердің қатарын барынша көбейтіп, жаңа рекодтар орнату қажет.

Әсет Бүкібаев, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Бізде қазір барлық дерлік ауылдық округте спорт әдіскері бар. Олар шалғайдағы елді мекендердің балаларын спортқа баулиды. Ал, қазір кәсіби спорт мектептерінде 18 мың оқушы білім алып жүр. Одан қалды спорт алаңқайларын көбейтіп жатырмыз. Биыл сондай 50 шақты нысанды аштық.

Сала мамандары спорттағы жетістіктерді инфрақұрылымның жақсаруымен байланыстырады. Айталық, биылдың өзінде өңірде бірнеше спорт кешені ашылса, тағы 10 шақтысының құрылысы жүріп жатыр. Жаңа нысандар Есіл, Жақсы, Қорғалжын және Целиноград аудандарында бой көтереді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный