V дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қазақстанда өтуі мүмкін

V Дүниежүізілік көшпенділер ойынында ел қоржынына алғашқы медаль салынды. Күміс жүлдені садақ атудан Қанат Қасымхан иемденді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәстүрлі садақ атудан бұл жарысқа әлемнің 32 елінен 135 спортшы бақ сынап жатыр. Түркияның төртінші ірі қаласы Бурсаның шалғайда орналасқан Изниктегі этно ауылға арнамыздан меншікті тілшісі Меруерт Қанағат барып көрді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Бурсаның Изник ауданының таңдалуы бекер емес. Түркі дүниесінің мәдени астанасына 100 шақырым қашықтықта көл жағалауында орналасқан қалашық, Анадолы Селжук мемлекетінің орталығы болған. Екі жылда бір өтетін спорттық додаға әлемнің 102 елінен 3 мыңнан астам спортшы қатысып отыр. Ұлттық спорттың 23 түрінен өтетін сайысқа ұйымдастырушылар ұзақ дайындалыпты.

Хакан Казанжы, дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының вице-президенті:

– Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарының төртіншісін ұйымдастырып отырмыз. Бұған дейін үшеуі де Қырғызстанда өткен болатын. Шараның Түркияда жоғарғы деңгейде өтуі үшін бірнеше айдан бері аянбай еңбек етіп келеміз. Муниципалитет пен мэрияның қолдауымен жүзеге асырудамыз. Шараның ресми ашылуы кешке болуына қарамастан, таңғы уақыттардан бастап келушілердің қарасы қалың. Төртінші күні Көшпенділер ойындарының байрағын Қазақстанға табыстаймыз. Алдағы уақытта, дәстүрлі додаспорттық олимпиада іспеттес болады деген үміттеміз.

Қазақстан атынан қазақ күресі, көкпар, көкбөрі, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату секілді спорт түрлері бойынша 53 спортшы ел намысын қорғап отыр. Жарыстың бірінші күнінде көкпаршыларымыз өзбек елінің жігіттерімен бақ сынасып, 8:1 есебімен жеңіп шықты. Бүгін Моңғолиямен бақ сынасады. Мәдениет және спорт министрі орынбасарының сөзінше, келесі дәстүрлі спорттық дода елімізде өтпек.

Серік Жарасбаев, ҚР мәдениет және спорт министрінің орынбасары:

–  Әрине бұл ойындар ұлттық спорт түрлерін дамытуға арналған. Өзіміз де ең басынан бастап көршілес қырғыз елімен бірлесіп 3 рет ойынға қатысып, жеңімпаз орындарға ие болғанбыз. Әрине ол өте қызығушылық білдіреді, ұлттық спорт түрлерін дамытуға үлесін қосады деп айтуға болады. Келесі ойындарды 2024 жылы Қазақстанда алуға тырысып жатырмыз, қазір келіссөздер өтіп жатыр. Енді аламыз деп сенімдеміз.

Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен Көшпенділер ойындарына барған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Түркия Республикасының Президенті Режеп Таийп Ердоғанмен кездесті. Мәжіліс төрағасы атажұрттан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен зор ықыласын жеткізіп, Түркияда алғаш рет өткізіліп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылуымен құттықтады. Кездесуден кейін елімізден келген құрама команда өкілдерімен кездесіп, сәттілік тіледі.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Президент тапсырмасымен арнайы келдім. Сіздерге президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы үлкен сәлемін жолдады және де жеңіс тілеп отыр. Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысу деген үлкен мәртебе ғой. Сондықтан осы үлкен жолда барлығыңызға жеңіс тілеймін. Бүкіл қазақстандықтар сіздерге жанкүйер болып отыр. Жолдарыңыз болсын. Аттарыңыз шаршамасын. Өздеріңіз мықты болыңыздар.

Бес мың шақырым қашықта жүрген аламаншыларымыз мұндай қолдауға дән риза. Көкпардан әлем чемпиондары бұл жолы олжалы ораламыз деп отыр.

Құрманбек Тұрғанбек, көкпардан азия чемпионы

IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қазақстан құрама командасы сақадай-сай. Жаңа сіз өзіңіз айтқандай, алғашқы күні Өзбекстан құрама командасын 8:1 есебімен жеңдік. Алла қаласа, келесі ойынға аттарымызды сайлап, ойынға шығуға дайынбыз.

Көкпардан әлем чемпиондары Ұлан Байтөреев, Абылайхан Нышанбеков, «ғасыр ойыншысы» деген атпен белгілі Құрманбек Тұрғанбек сынды ойыншылар бар. Ал балуандар арасында «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің жеңімпазы Мақсат Исағабылов ел намысын қорғайды. Жамбы ату спорты бойынша ұлттық құрама мүшелері - тұңғыш Әлем чемпионы Ералхан Айкөз, Әлем чемпионы Абзал Тулыбеков, Азия чемпионы Бақдәулет Бабажан жарыс жолына шығады.

Авторы: Меруерт Қанағат