Астанада ашылған спорт орталығында алпысты алқымдаған жандар жаттығады

Әуесқой спорт жас талғамайды. Алпысты алқымдаған аға-апаларымыз тіпті кейбір жастарға дес бермейді. Мұнда кез келген зейнеткер тегін кіріп, жаттыға алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басында ашылған орталықты бастапқыда көбі білмеді. Қазір келушісі көп. Алғашқылардың бірі – Райгүл Оспанқұлова. Дене шынықтырып қана қоймай, ән салып би билейді. Орталық ішінде «Әдемі» атты ардагерлер ансамблін құрып, жетекшісі атанды.

Райгүл Оспанқұлова, қала тұрғыны:

- Үлкен қария кісілер өмірі өлең айтып көрмеген. Бірақ жүректері ән деп тұрады. Сол кісілердің бәрін жинап алып, біз «Әдемі» ансамблін ұйымдастырдық. Қазір шеттерінен әнші. Қойдыра алмайсың. Бала сияқты ренжиді. Ансамбль Жәңгір хан ханшаларының киім үлгісін алдық.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының негізгі мақсаты – қариялардың жасын ұзарту, ғұмырының соңғы жылдарын мәнге, сәнге толтыру, оларды балаша қуанту, көңілін көтеру.

Гүлмира Жәкенқызы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы:

- Бізде бүгінгі күні 2 млн-нан астам зейнеткер өмір сүріп жатыр. Мемлекеттің негізгі бағыты тек зейнетақы беру емес. Олардың өзінің өмірлік тәжірибесін қолдану және бір-бірімен айналысу, қоғамға араластыру сияқты жұмыстарды атқарып жатырмыз.

Денсаулығы сыр беріп жүрген қарттар міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Кінәраты расталса, физикалық жаттығуларға жіберілмейді.

Сандуғаш Сағынтаева, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкері:

- 4 ауданда 4 филиал бар. 4 мыңнан астам қызмет алушы тіркелді. Оларға 63 мыңнан астам қызмет көрсетіледі. Ең бірінші қазақ тілі, ағылшын тілі, емдік дене шынықтыру, тренажерлық зал, тігу үйірмесі, йогамен айналысу.

Жаттығулар тек орталық ішінде емес, таза ауада да жүргізіледі. Мәселен, қазір қатысушылар тыныс алу жүйесін ретке келтіріп жатыр. Ең бастысы санаға салмақ салмай, ойды тазарту керек. Ұзақ өмір сүрудің сыры осында жатыр. Өйткені күйзеліс ғұмырды қысқартады, дейді Алтынай Әлімхан.

Алтынай Әлімхан, қала тұрғыны:

- Маған бұл кедергі емес. Үйде салатымды жасап, тосабымды қайнатып, немеремді қарап, тоқсан үштегі енемді де қарап үлгеремін. Мұнда да келіп үлгеремін. Бұрын дәрігерге жиі баратынмын. Астмам бар. Мұнда келгелі бері врачтың есігін ұмыттым.

Естеріңізге сала кеткен жөн, жыл сайын бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда 1 қазан айында Халықаралық қарттар күні атап өтіледі.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Аманжол Байғазин