Көшпенділер ойындарында көкпаршыларымыз Өзбекстанды жеңді

Түркияның Изник қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бүгін қазақстандықтар көкпар мен жамбы атудан сайысқа түспек.

Бүгін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталғанына үшінші күн. Санаулы сағаттан кейін көкпардан еліміздің құрамасы Моңғолиямен сайысқа түседі. Бұған дейін аламандарымыз 8:1 есебімен Өзбекстанды ұтқан.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары спортшыларымыздың басым бөлігінің алғашқы шетелдік тәжірибесі. Дегенмен, спортшыларымыз  ширақ. Әттеген-ай да жоқ емес. Мәселен, қостанайлық Аяулым Аппазова бірер ұпай жетпей, жүлделі орынға іліге алмай қалды.

Аяулым Аппазова, спортшы:

- Негізгі жарыс өте керемет өтті. Әлемнің ең мықты спортшылары келді. Бірақ, біз жаңа ғана бастап жатырмыз жас спорт елімізде. Жаңа ғана дамып жатыр. Сондықтан, біздің дәрежелері әлі болашақта. Негізгі осы кішкентай уақытта керемет деңгейді көрсеттік.

Өзге елдің спортшылары үшін басты қарсылас - Қазақстан құрамасы. Дегенмен, туыстас халықтар мұны жарыстан гөрі фестиваль деп сипаттайды. Себебі бауырлар арасында сайыс жоқ дейді.

Билал Демиржи, спортшы /Түркия/:

- Қарсылас дегеннен гөрі, достарымыз деген жөн болар. Біз бір-бірімізбен танысып, жақсы араласып кеттік.  Қазақстаннан келген спортшылардың дайындығы жақсы. Кімнің жүлделі болатынын уақыт көрсетеді. 

Бурса қаласынан 100 шақырым жерде орналасқан этноспорттық мекенге күнделікті келушілердің қарасы қалың. Әсіресе Орталық Азия халықтары көкпар мен көкбөріні тағатсыздана күтіп жүр. Бұл жолы туыстас елдердің мүмкіндігі бірдей. Себебі спортшылардың дені Анадолының жылқысын тақымдайды. Себебі спортшыларымызға түрік жеріне сәйгүліктерді бес мың шақырымнан алып келу оңай емес.