ATP 500: Жұқаевтың жолы болмады

 Елордада теннистен ATP 500 саснатындағы турнир басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кету керек, Астана қаласы мұндай деңгейдегі жарысты алғаш қабылдап тұр. Әлем үздіктері қазір осында жиналып, өзара мықтыны анықтауға кірісті. Жарыстың алғашқы күні кордқа бірінші боп  швейцариялық Стэн Вавринка мен франциялық Адриан Маннарино шықты. Тартысты өткен кездесу соңғысының жеңісімен аяқталды. Осылайша Стэн жарыс жолынан шығып қалды. Одан кейінгі кездесуде де күтпеген нәтиже тіркелді. Спорт мамандары оны сенсацияға балап жатыр. Өйткені ресейлік Аслан Карацев қытайлық Чжан Чжичьженға жол берді.

Айта кетейік, ағлашқысы әлемдік рейтингте 39-орында тұр.Кейінгісі жарыс алдындағы іріктеуге қатысып, негізгі бәсекеге әрең жолдама алған еді.  Бұған қоса, польшалық Хуберт Хуркач өз мықтылығын кезекті рет дәлелдеді. Ол алғашқы айналымда аргентиналық Франсиско Черундолоны айқын басымдықпен ұтты. Қазақстандық Бейбіт Жұқаев бірінші кезеңде нидерландылық Ботик Ван Де Заншульпке  есе жіберді. Қорытынды нәтиже: 6:1, 6:1. Осылайша Бейбіт екінші айналымға шыға алмады. Жекелей сында тағы қос жерлесіміз бар. Александр Бублик пен Михаил Кукушкин енді бәсекені бастайды. Елордадағы турнир 10 қазанға дейін жалғасады.

ТАНЫМАЛ ТЕННИСШІЛЕР БАЛАЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Елордадағы ATP 500 турнирі аясында жарысқа қатысушылар жергілікті өрендермен жолығып, шеберлік сағатын өткізді. Қазақстандық  Андрей Голубев пен Александр Недовесов, одан кейін әлемдік рейтингте 18-ші тұрған Карен Хачанов бар. Жұптық сынның үздіктері Кевин Кравиц, Андреас Мис, Тим Пуец, Майкл Винус және Лукаш Кубот сияқты теннисшілер де тәжіәрибесімен бөлісіп, кейін балалардың сұрақтарына жауап берді. Шараның өзі 2 кезеңде өтті. Алдымен 10 жасқа дейінгі балалар өз шеберліктерін шыңдаса, кейін кордқа 10 жастан жоғары балалар шықты. Дәл осындай форматтағы сабақтар болашақ чемпиондар даярлығында ерекше рөл атқарады дейді мамандар.

Бұдан бөлек, Новак Джокович, Феликс Оже-Альяссим және Даниил Медведев сияқты теннисшілер осы уақытта Астанадағы мүмкіндігі шектеулі балалардың орталығында болып, әлеуметтік жобаға қатысты.

Андрей Голубев, қазақстандық теннисші:

- Мұндай  кездесулер балаларға ерекше әсер сыйлайды. Мен оған сенімдімін. Өйткені біз де бала болдық. Осындай шаралардан шабыт алатынбыз. Айта кету керек, шеберлік сағаттарына жиі қатысамыз және бір байқағаным қазақстандық балалардың деңгейі кейінгі кезде кәдімгідей өскен.

ПАРАКАРАТЭДЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ

Ел үздіктері анықталды. Елордада паракаратэден барлық жас деңгейі бойынша Қазақстан чемпионаты өтті.

Айта кету керек, жапон жекпе-жегінің шеберлері ұзақ үзілістен кейін татамиге оралып тұр. Өйткені пандемияға байланысты жарыстар бұған дейін онлайн ғана өтіп келген болатын. Астанадағы бәсекеге еліміздің барлық өңірінен 50-ге жуық спортшы жиналды. Олар 2 күн бойы каратэнің ката түрі бойынша өнер көрсетіп, өзара мықтыны анықтады. Жалпы есепте жергілікті спортшылар үздік атанды. Екінші орын Шымкент қаласының құрамасына бұйырса, Ақмола облысы үздік үштікті түйіндеді. Жеңіс тұғырына көтерілген спортшылар енді алдағы Азия және Әлем чемпионаттарында ел намысын қорғайды.

АУЫЛ СПОРТЫН ДАМЫТУ - ЕРЕКШЕ НАЗАРДА

Еліміздің танымал спортшылары 100 ауылды аралайды. Мақсат – жергілікті жастармен кездесіп, өңір спортын дамытуға үлес қосу. Бұл жолы арнайы топ Ақмола облысындағы Қорғалжын ауданында болды. Оқушылармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.  

Азамат Қарлығашов, Қазақстан спортшылары одағының төрағасы:

- Біз спорттың Астана, Алматы қалаларында кең қанат жайғанын көріп жүрміз. Бірақ ауылды жерлерде де спортты дамытуға айрықша көңіл бөлу керек екенін ұмытпауымыз керек. Себебі қазақтың даңқын асырған әйгілі спортшылар ауылдан шыққан.

Бұған қоса, ауылдағы спорттық инфрақұрылымға да ерекше көңіл бөліне бастады. Әсіресе, жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігі артты. Бұл аймақтағы бұқаралық спортты дамытуға және болашақ чемпиондар даярлығына кәдімгідей үлес қосады дейді тұрғындар.

Ғинаят Имашев, Жантеке ауылының тұрғыны:

- Балаларымыз міне осы кезге дейін далада жүріп, далада ойнаушы еді. Топырақ шаң тозаңда. Міне жергілікті кәсіпкер осындай алаң салып беріп отыр. Мұнда жалғыз балалар ғана емес, үлкендер де осындай ойнап нетеді.

ЖӘНІБЕК ӘЛІМХАНҰЛЫ БЕНТЛИ КЕЗДЕСУІНЕ ДАЙЫНДАЛЫП ЖАТЫР

Кезекті қарсылас белгілі. Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының шаршы алаңға шығатын уақыты мен кезекті қарсыласы ресми түрде жарияланды. Оған сәйкес жерлесіміз 12 қарашада Лас-Вегас қаласында жұдырықтасатын болды. Оның қарсыласы – британиялық Дензел Бентли. Ол бүгінге дейін 19 жекпе-жек өткізіп, оның 17-сінде жеңіске жеткен. 1-еуінде тең түскен. Дензел WBO тұжырымы бойынша чемпиондық белдікке үміткерлер тізімінде 14-ші тұр. Жәнібек осы белдіктің иегері және чемпион ретінде алғаш қолғап түйістіргелі тұр. Қос мықты арасындағы айқас 12 раундқа есептелген. Жекпе-жек кеші Лас-Вегас қаласында ұйымдастырылады және ESPN+ арнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Айта кетейік, қазақстандық боксшы бүгінге дейін 12 кездесу өткізіп, барлығында да жеңіске жетті. Оның 8-і уақытынан бұрын аяқталды. 

Сондай-ақ...