Түркияны бетке алған әуесқой велошабандоз Баку арқылы өтпейтін болды

Бакуге әріптесіміз, велошабандоз Ернат Қашқынов та аттануы керек еді.

Қазір ол Ақтау қаласында. Бірақ Әзербайжан жағы шекараны жауып тастаған. Ал Ернат қыркүйекте Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұлы ағартушының туған жері Аққөлден Түркияға шыққан. Сөйтіп, 3 мың шақырымды артқа тастады.  Жоспар бойынша ол теңіз порты арқылы Әзірбайжанға өтуге тиіс еді. Дегенмен, шекараның жабық болуына байланысты бағытты өзгертуге тура келді. Енді Ернат Грузияның Кутаиси қаласына ұшақпен жетіп, веломарафонын әрі қарай жалғастырады.

Ернат Мелсұлы, велосаяхатшы, «Хабар 24» арнасының тілшісі:

- Әзербайжанның паронмен өтуге тыйым салынған және құрлық шекарасы жабық. Сондықтан мен бағытымды өзгертіп, осы Ақтаудан Грузияның Кутаиси қаласына дейінгі ұшаққа билет алдым. Құдай қаласа осы 8-қазанда Кутаисиге дейін ұшаққа барып, бьелсебетке отырып, әрі қарай жалғастырамын. 

Бағыт Кутаисиге ауысуы себепті жол да біршама қысқарады. Алайда Ернат әу баста жоспарлаған 5555 шақырымды Түркияда толықтырамын дейді. Жалпы велошабандоз бұл сапары арқылы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметін насихаттап, ел тарихын дәріптеуді мақсат етіп отыр. Соңғы меже Түркияда жатқан Мұстафа Өзтүріктің басына барып құран бағыштау. Осыған дейін ол 30-дан астам мұражаймен танысып, ондағы тарихи жәдігерлерді әлеуметтік желіге жариялады. Қазір велошабандоздың саяхатын мыңдаған адам күнделікті бақылап отыр.Осы 3 мың шақырымның ішінде темір тұлпардың 3 камерасы жарылып, шынжыры үзілген. Қазір ол Ақтауда велосипедін жөндетіп жатыр.