Алматыда гандболдан клубаралық Азия чемпионаты өтіп жатыр

Алматыда гандболдан клубаралық Азия біріншілігі өтіп жатыр.

Айта кету керек, дәл осы деңгейдегі жарыс елімізде екінші рет ұйымдастырылып тұр. Ең алғаш Азия чемпионатын  Сыр өңірінде қабылдасақ, бұл жолы құрлық мықтылары Алатау баурайында бас қосты. Үндістан мен Өзбекстан, Иран мен Ирак және Кувейт пен Оңтүстік Корея чемпиондарымен қоса Қазақстан намысын «Алатау Арулары»  мен  «Достық» командалары қорғауда. Ұйымдастырушыларға жарысқа екі команда қосуға рұқсат берілген. Бұған дейінгі кездесулерінде ұпайдан шашау шығармаған Алматының Достығы бүгін айдарынан жел ескен Оңтүстік кореялықтарға тізе бүкті. Ал «Алатау Арулары» Үндістандық «Т-Спортс» командасын тас талқан етіп ұтты. Есеп 72:23. Алатау сапында жасындай жарқылдаған ойыншыларды  ұлттық құрама бапкерлері тізімге түртіп алды. Олар жақында Қазақстан құрамасына шақырту алады. Өйткені қараша айында  қол добынан әлем чемпионатының іріктеу кезеңі басталады.

Гүлнар Тұрлыханова, ҚР Гандбол федерациясының президенті:

- Аймақтардан бізде ойыншылар өсіп жатыр. Қазіргі  енді жасөспірімдерден сараптама жасап барлығын осындай оқу сбор жасаған кезде шақырамыз. Оларда бір-бірінен тәжірибе алады. Сол тәжірбемен өзіміздің іріктеген ойыншыларымызды баптауға осы жарыстың ойын әдістерін бәрін үйренуге күш салып, бапкерлер алқасымен жұмыс істейміз. Жалғыз бапкерлермен емес, мұның ішінде ұйымдастыру комитетімен іс-шаралардың барлығы да біздің офис менеджерлерімен бәрі жасалуда.