Дзюдодан ӘЧ: қоржынымызға қос қола түсті

Қоржынымызда қос қола. Дәл қазір Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында дзюдодан әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарыстың алғашқы күні жеңіл салмақтағы бәсекелер болды. 60 келіде ел намысын Елдос Сметов қорғаған еді.

Айта кетейік, ол ұзақ үзілістен кейін қайта оралып отыр. Себебі иығында жарақаты бар. Бірақ табандылық танытып, іріктеу кезеңінде Әзірбайжан және Израиль спортшыларын ұтты. Тек жапониялық Ян Юнвэйге ғана жол берді. Артынша жұбаныш белдесуінде испаниялық, ал, қола жүлде үшін күресте өзбекстандық дзюдошыларды жеңді.

Әйелдер арасындағы бәсекеде қазақстандық Әбиба Абужақынова жүлдегер атанды.

Айта кету керек, бұл отандық спорт үшін тарихи жетістік саналады. Өйткені дзюдода алғаш рет қазақ қызы әлем чемпионатының жеңіс тұғырына көтеріліп тұр. Әбиба іріктеу кеңінде Бразилия және Сербия спортшыларын ұтты. Әлемдік рейтингте бірінші тұрған франциялық Ширин Буклиден де басым түсті. Тек жартылай финалда жапониялық қарсыласына есе жіберді. Қола жүлде үшін күресте Чили өкілін жеңді.

Айта кетейік, Ташкенттегі жарыс 13-ші қазанға дейін жалғасады. Осы аралықта қазақстандық қыз-жігіттер 17 салмақта бағын сынайды. Ал, жарыстың жалпы жүлде қоры 1 млн еуроны құрайды.

ATP-500: БУБЛИК ЖАРЫСТАН ШЫҒЫП ҚАЛДЫ

Бублик жарыстан шығып қалды. Елордада теннистен ATP 500 санатындағы турнир жалғасып жатыр.

Айта кету керек, Астана мұндай деңгейдегі бәсекені алғаш қабылдап тұр. Жарыстың кезекті күні кордқа қазақстандық Александр Бублик шықты. Ол екінші айналымда польшалық  Хуберт Хуркачпен жолыққан болатын. Кейінгісі әлемдік рейтингтің алдыңғы ондығына кіреді. Сәйкесінше, матч Хуберттің айқын басымдымен өтті. Қорытынды есеп: 4:6, 4:6. Осылайша жерлесіміз ширек финалға  шыға алмады және бұған дейін қазақстандық Михаил Кукушкин мен Бейбіт Жұқаев та бәсекені іріктеу кезеңінде аяқтаған болатын. Хуберт Хуркач енді тағы бір әлем үздігі грекиялық Стефанос ЦиципАспен кездседі. Бұған қоса, ширек финалға сербиялық Новак Джокович пен ресейлік Карен Хачанов шықты. Енді екеуі өзара жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Дәл осылай ширек финалда тағы бір ресейлік Даниил Медведев пен испаниялық Роберто Баутиста-Агут өзара мықтыны анықтайды. Аталған кездесулер бүгін өтеді. Жарыстың өзі 10 қазанға дейін жалғасады. Ал, оның жалпы жүлде қоры 1 миллион 900 мың долларды құрайды.

ЖӘНІБЕК ӘЛІМХАНҰЛЫ АЛЬВАРЕСТІ ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ ШАҚЫРДЫ

Жәнібек Альвареспен кездесуге дайын және оны оңай ұтатынына да сенімді. Бұл жөнінде қазақстандық боксшы әлеуметтік желідегі парақшасына жазып жүр. Күні кеше ол мексикалық спотшымен ақша үшін емес, абырой үшін айқасқым келеді деген мәлімдеме жасады. «Қаржыға мұқтаж емеспін. Менде барлығы бар. Мақсатым – әлемдік  бокс тарихынан ойып тұрып орын алу»,- дейді Жәнібек.

Айта кетейік, жерлесіміз тура бір айдан кейін Лас-Вегас қаласында жұдырықтасады. Қарсыласы – британиялық Дензел Бентли. Ол бүгінге дейін 19 жекпе-жек өткізіп, оның 17-ісінде жеңіске жеткен. 1-еуінде тең түскен. Дензел WBO тұжырымы бойынша чемпиондық белдікке үміткерлер тізімінде 14-ші тұр. Жәнібек осы белдіктің иегері және чемпион ретінде алғаш қолғап түйістіргелі тұр. Қазақстандық боксшы бүгінге дейін 12 кездесу өткізіп, барлығында да жеңіске жетті. 8-і уақытынан бұрын аяқталды.