Түркістанда Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнир басталды

Түркістанда Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан жастар арасындағы халықаралық турнир басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осымен 20-шы мәрте ұйымдастырылып тұрған жарыстқа Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Йемен және еліміздің барлық өңірінен 160-қа жуық спортшы жиналды. Олар 13 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтайды. Халықаралық турнирдің ашылу салтанатына Ермахан Ыбырайымов, Мұхтархан Ділдәбеков, Серік Сәпиев сияқты олимпиада және әлем чемпиондары, бұған қоса Бекзаттың анасы да қонақ ретінде қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Осы турнирден түлеген спортшылар арасынан Бекзаттай дара ұлдар шығады деген үміттерін жеткізді. Жарыс жеңімпазы атанған спортшыға «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы беріледі.

Бақтияр Анас, турнирге қатысушы:

- Мен Шымкент қаласынан келген Нұрасыл деген жігітпен жұдырықтастым. Ол да жақсы дайындықпен келген екен, бірақ иығын ауыртып алып, ойынды аяқтады. Бекзат ағамыз сияқты Олимпиада чемпионы болуды нәсіп етсін.

Ермахан Ыбырайымов, Олимпиада чемпионы:

- Көптеген мемлекеттің бокшылары қатысып жатыр. Бұл турнир Қазақстандағы ең мықты турнирлердің бірі, бірегейі де айтуға болады. Неге десеңіз, 20 жыл бойы осындай жоғары деңгейде өтіп келе жатыр. Сондықтан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған турнир жыл сайын өзінің қарқынын ала беру керек.