Елімізде тоғызқұмалақты насихаттау мен дамытуға ерекше басымдық беріледі

Бұдан былай тоғызқұмалақты насихаттау мен дамытуға ерекше басымдық беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24»

Бұл жөнінде Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы басшыларының кездесуінде айтылды. Яғни қос тарап бірлескен меморандумға қол қойып, ұлттық спортты ел ішінде де, халықаралық деңгейде де арттыруды қолға алмақ. «Оның айқын көрінісін алдағы айда Ақтөбеде өтетін әлем чемпионатынан байқауға болады», – дейді мамандар. Яғни оған 20-дан аса елден 100-ге жуық спортшы жиналып, бір апта бойы өзара мықтыны анықтайды.

Елордадағы келісім негізінде тоғызқұмалақ федерациясы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіретін болды. «Бұл – ұлттық спорттағы үлкен өзгерістің басы», – дейді ұйым басшылары. Айта кетейік, қазірдің өзінде бұл спортпен елімізде 200 мыңдай адам айналысады. Ал 9 мыңға жуығы оны кәсіпқой тұрғыда меңгерген.