Түркістанда қазақ күресінен «Turan Barysy» Азия Кубогі басталды

Түркістан қаласындағы «Olympic Сenter» спорт сарайында алғаш рет қазақтың ұлттық күресінен «Turan Barysy» Азия Кубогі басталды.

Шараның салтанатты ашылуында қатысқан Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев спортшыларға сәттілік тіледі. Тұсауы кесілген «Turan Barysy» болашақта спортсүйер қауымның қызығып тамшалайтын үлкен жобасына айналады деп сенемін», - деді министрі.  Жарысқа Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан және еліміздің балуандары қатысып жатыр. Спортшылар жеті салмақ бойынша белдесуде. Жеребе бойынша Әзербайжан, Өзбекстан, Мажарстан құрамалары бірінші топта, ал  Қырғызстан, Түркия, Қазақстан құрамалары екінші топта белдесіп, өзара мықтыны анықтайтын болады. Шара Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің, сондай-ақ «Qazaq kuresi» қауымдастығы, «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау қорының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

Мурат Ачер, жарысқа қатысушы /Түркия/:

- Түркияның спорт басшылары «Қазақ күресі» қауымдастығымен келісім-шартқа отырып, қазақ күресін дамытуды қолға алды. Қазір қазақ күресі әлемде жақсы дамып келеді. Орта Азия халықтарының барлығы күреседі. Спорт, мәдениет біздің одан сайын жақындата түседі. Бүгінгі сайысқа жақсы дайындалып келдік.

Қайрат Фазылбек, "Тұран Барысы" кубогінің бас төрешісі: 

- Жарыстың басты мақсаты қазақ күресін халықаралық деңгейде, әлемдік деңгейде дамыту. Біз соған «Қазақ күресі» қауымдастығы болып бірігіп, жұмыс істеп жатырмыз. Бұлар енді қазақ күресімен бірінші рет күресіп жатқан жоқ. Әлем чемпионаттары, Көшпенділер ойыны, Азия чемпионаттары болып жатыр. Бұлар келіп жүрген палуандар. Өзбектер мен қырғыздар қазақ күресін жақсы біледі.