Қазақстандық спортшылар эстетикалық топтық гимнастикадан Азия чемпионатында топ жарды

Азия чемпионатында топ жарды.

Қазақстандық спортшылар эстетикалық топтық гимнастикадан құрлықтық додада сәтті өнер көрсетті. Байрақты бәсеке Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өткен болатын. 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдер санатында астаналық команда ең жоғары ұпай алып, жарыс жеңімпазы атанды. Кейін тағы бір елордалық команда 10-12 жас аралығындағы балалар санатында күміс жүлдегер атанды. Айта кету керек, бұл спортшыларды Әсел Тастанбекова баптайды. Сонымен қатар, тағы бір елордалық Алан-Томирис  командасы  12-14 жас аралығындағы балалар санатында үздік үштікті түйіндеп, қола жүлде еншіледі. Ел абыройын асқақтатқан қыдарды елорда әйежайынан достары, туыстары және жанкүйерлеріә күтіп алды. 

Ботагөз Амангелдинова, эстетикалық топтық гимнастикадан қалалық федерация басшысы:

- Қазақстандық қыздар өте жақсы өнер көрсетті. Қойылған тапсырманы бұлжытпай орындап, ел абыройын асқақтатты. Бүгін үлкен командамыздың бір бөлігі ғана келіп жатыр. Азия чемпионатында қола алған спортшыларымыз бірер күн бұрын жетті. Қай-қайсы да ерекше құрметке лайық және осы жеңістер басқа қыздарымызға мотивация болады деп ойлаймын. 

Таэквондодан Қазақстан кубогі

Ел үздіктері елордаға жиналды.Бұнда таэквондоның GTF бағыты бойынша жастар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан кубогы өтіп жатыр. Биылғы бәсекеге еліміздің барлық аймағынан 400-ден аса қатысушы жиналды. Олар 40 салмақ дәрежесі бойынша медальдарды сарапқа салады. Бұған қоса, жас ерекшеліктері де ескерілген. Яғни 12 мен 14 жастағылар бөлек, 15 пен 17 жастағылар бөлек, өзара мықтыны анықтайды. Кейін жеңіске жеткендері ұлттық құрамаға алынып, алдағы халықаралық жарыстарға дайындықты бастайды. Жарыс жеңімпаздарынан бөлек ең үздік техника және  әсерлі жекпе-жек аталымдары бойынша да арнайы кубок табыстау жоспарланып отыр. Қазақстан Кубогы 2 күнге созылады. 

Святослав Жанович, қалалық  GTF таэквондо федерациясының директоры:

- Таэквондоның дәл осы бағыты елімізге, әсіресе, елордамызға осыдан 10 жыл бұрын келіп еді. Міне, содан бері 4-рет Қазақстан Кубогін ұйымдастырып тұрмыз. Спортқа қызығушылар қатары өте көп. Балаларымыздың жетістіктері де жақсы. Мәселен, жуырды ғана ұлттық құрама Грузияда өткен Әлем Кубогына қатысып, 4 алтын мен 2 қола жүлде жеңіп алды.