«Астана» ФК Қазақстан чемпионы атанды

«Астана» чемпион атанды. Футболдан жоғарғы лига командалары арасындағы ел чемпионаты аяқталды.

Биылғы байрақты бәсеке тартысқа толы болды және соңғы турға дейін жеңімпаз анықталмады. Бас жүлдеге «Астана» мен «Ақтөбе» таласқан еді. Елордалық клуб бүгін ғана сырт алаңда қарағандылық «Шахтермен» жолығып, 3:2 есебмен басым түсті.  Қонақтар сапынан Марин Томасов қос голдың авторы атанды. Бұған қоса Педро Эуженио 11 метрлік айып добын сәтті орындады. Жеңіске жеткен «Астана» 53 ұпаймен турнир тізімінің бірінші сатысына жайғасты. Екінші орында тұрған «Ақтөбеде» 1 ұпай кем. «Ақтөбе» бүгін өз алаңында алматылық «Қайратты» қабылдап, 4:1 есебімен жеңген болатын. Бірақ бас жүлде бұйырмады. Осылайша чемпионат үздігі «Астана» алдағы жылы еліміз атынан чемпиондар лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Ал «Ақтөбе» мен «Тобыл» Еуропа лигасында бағын сынайды.