Билли Джин Кинг кубогы: Қазақстан Ұлыбританияны айқын басымдықпен ұтты

Қазақстан Ұлыбританияны жеңді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шотландияның Глазго қаласында теннистен әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты өтіп жатыр. Билли Джин Кинг кубогы деген атаумен танымал бәсекенің финалына 12 құрама шыққан болатын. Оның ішінде қазақстандық қыздар да бар. Жарыстың алғашқы күні олар алаң иелері Ұлыбритания құрамасымен жолықты. Ең алдымен кордқа Юлия Путинцева шықты. Әлемдік рейтингте 51-ші тұрған жерлесіміз 124-ші тұрған Кэти Бултермен кездесіп, айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 4:6, 6:3, 6:2. Кейін оның жеңіс жолын ұлттық құраманың үздігі Елена Рыбакина жалғастырды. Елена рейтингте 22-ші тұр. Ал, оның қарсыласы Хэрриет Дарт 98-ші сатыда. Сәйкесінше, алғашқысы оңай жеңіске жетті. Қортынды есеп: 6:1, 6:4. Ал, жұптық сында қазақстандық қыздар есе жіберді. Бұл бәсекеде Анна Данилина мен тағы да Елена Рыбакина ел намысын қорғаған болатын. Жалпы есепте 2:1 нәтижесімен алға шыққан ұлтттық құрама енді Испания теннисшілерімен кездеседі. Глазго қаласындағы жарыс 12-ші қарашаға дейін жалғасады.