Иорданиядағы Азия чемпионатында төрт боксшымыз финалға шықты

Иордания астанасы Амман қаласында бокстан ересектер арасындағы Азия чемпионаты жалғасып жатыр.

Жарыстың кезекті күні әйелдер арасындағы жартылай финалдық кездесулер өтті. Нәтижесінде 4 боксшымыз алтын жүлдені сарапқа салады, ал қалған 5-еуі қола жүлдені қанағат тұтады. Бұл жөнінде Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы хабарлады. Жерлестеріміз арасынан ең бірінші боп шаршы алаңға жеңіл салмақтағы екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай шықты. Бірақ ол жапониялық Намики Цукимиден басым түсе алмады. Ауыр салмақтардағы Мәдина Нұршаева мен Ләззат Кунгейбаеваның да жолы болмады. Ал 54 келіде сынға түсіп жатқан Жайна Шекербекова өзінен бойы да, қола да ұзын Тайвань қызын ұтып, ақтық сынға жолдама алды.

Ал кешкі сессияда қазақ қыздары салыстырмалы түрде сәтті өнер көрсетті. Алдымен жеңіл салмақтағы Алуа Балқыбекова өзбекстандық Фарзона Фозилованы айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 5:0. Ал әлем чемпионатының қола жүлдегері қазақстандық Карина Ибрагимова олимпиаданың күміс жүлдегері филиппиндік Нести Петесионы жеңді. Каринаның финалдағы қарсыласы да мықты. Ол олимпиада чемпионы атанған жапон қызымен жолығады. Каринаның жеңіс жолын 81 келідегі Гүлсая Ержан жалғастырды. Ол Вьетнам қызын 5:0 есебмен ұтты. Ал Жазира Орақбаева мен Дариға Шәкімова жартылай финалда қарсыластарына есе жіберіп, қола жүлдегер атанды.

Ал бүгін жігіттер арасындағы айқастар өтеді. Қайрат Сәтжанов баптайтын 12 боксшымыз жыртылай финалға шыққан болатын. Азия чемпионатының жалпы қорытындысы 13 қарашада белгілі болады.

Сондай-ақ...