Иорданиядағы бокстан Азия чемпионатында 9 боксшымыз финалға шықты

9 боксшымыз финалға шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Иордания астанасы Амман қаласында бокстан ересектер арасындағы Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні жартылай финалдық кездесулер өтті және ұлттық құрама басқа елдермен салыстырғанда ақтық сынға ең көп жолдама жеңіп алды. Бұл жөнінде Мәдениет және Спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы хабарлайды. Әсіресе жеңіл салмақтағы Серік Теміржанов жекпе-жексіз финалға өтті. Оның үндістандық қарсыласы рингке шықпады. Күндізгі сессияда жерлестеріміз арасынан Санжар Тәшкенбай бірінші боп жұдырықтасты. Ол тағы бір үндістандық Кумар Саханимен кездесіп, төрешілер шешімімен ұтты. Кейін Махмуд Сабырхан жеңіс жолын жалғастырды. Ол өзбекстандық Шахзод Музафаровтан басым түсті. Ал финалда олимпиада ойындарының финалисті филиппиндік Карл Паалмен жолығады. Тағы бір жерлесіміз Дулат Бекбауов та өзбекстандық қарсыласынан басым түсіп, алтын жүлдеге таласатын болды. Ауыр салмақтардағы Нұрқанат Райыс пен Қамшыбек Қоңқабаев та финалға шықты.

Кешкі сессияда жеңіл салмақтағы Сәкен Бибосынов жапониялық Томоя Цубоидан басым түсті.Енді ол финалда олимпиада чемпионы атанған өзбекстандық Хасанбой Дусматовпен кездеседі. Команда капитаны Асланбек Шымбергенов те сәтті өнер көрсетіп, моңғолиялық қарсыластын нокдаунтпен ұтты. Ең соңғы боп шаршы алаңға ағайында Айбек және Нұрбек Оралбайлар шыққан болатын. Нұрбек жергілікті боксшыға есе жіберіп, қола жүлдегер атанды. Ал, Айбек ирандық спортшыны ұтты. Енді финалда Өзбекстан намысын қорғап жүрген этникалық қазақ Мадияр Саидрахимовпен жұдырықтасады.

Сонымен, қазақстандық спортшылар бас-аяғы 13 салмақта алтын жүлдеге таласады. Оның төртеуі әйелдер арасындағы бәсекеде. Шәміл Сафиуллин баптайтын қыздар бүгін өнер көрсетеді. Иорданиядағы жарыстың жалпы қорытындысы 13 қарашада белгілі болады.

Сондай-ақ...